Қытайдың оңтүстігінде Гонконг, Макао, Чжухай қаласы мен Гуандун провинцияларын байланыстыратын көпір ашылды. Бұл туралы ҚХР Орталық телеарналар желісі хабарлады. Жаңадан ашылған көпірдің ұзындығы 55 шақырымды құрайды. Бұл теңізде орналасқан ең ұзын көпір саналып отыр. Оның Гонконг пен Чжухай қалалары арасындағы көлік қатынасы үшін маңызы зор. Жолаушылар теңіздегі көпір арқылы үш жарым сағат уақыттарын үнемдейтін болады. Теңіздегі көпірді салу жайлы 1980 жылдардың соңында айтыла бастаған. 2003 жылы Қытай билігі бұл жобаны қайта қолға алуды ойлап, шығындары мен экономикалық тұрғыдан пайдасын саралай бастаған. Жобаны дамыту мен жүзеге асыру жұмысына 100-ге тарта ғылыми-зерттеу ұйымдары атсалысқан. Көпірдің құрылысы 2009 жылдың желтоқсан айында басталған. 2016 жылға дейін салып бітіруі тиіс болған. Алайда теңіздегі көпір 2 жыл кешігіп ашылды. Құрылыстың жоспарланған уақытта аяқталмауына түрлі факторлар әсер еткен. Олардың қатарында жемқорлық, бюджеттің қайта қаралуы, апаттар, қайғылы оқиғалар, ауа райы секілді себептер бар. Көпір толықтай теңіз бетінде орналаспаған. Бірнеше тұсқа келгенде жол су асты арқылы өтеді. Ол үшін арнайы жасанды аралдар салынған. Ал көпірдің салмағы 400 мың тоннаны құрайды. Бастапқы жарамдылық уақыты 120 жыл саналып отыр. Көпір сағатына 300 километр жылдамдықтағы тайфун мен 8 баллдық жер сілкінісіне төтеп бере алады.