Өскемен қаласына еліміздегі бірден-бір ерекше қыстырғыш-ескерткіш тұрғызылғанына орай, Массагет.кз әлем елдеріндегі қыстырғыш-ескерткіштерге шолу жасап көрді.
АҚШ-тың Филадельфия қаласындағы мына қыстырғыш-ескерткіштің биіктігі – 15 метр. Авторы – сәулетші Клас Ольденбург атақты ескерткішті 1976 жылы қойған. Ол ескерткішті тек қыстырғышқа ғана емес, күрек, тіс щеткасына да жасап шыққан екен. Қыстырғыш-ескерткіш бұл күндері Филадельфияның мақтанышы болып қана қоймай, туристер қызықтап келетін жерге айналып отыр.
Ал мына бір ескерткіш Бельгиядағы "Чаудфонтаине" саябағына 2010 жылы қойылған екен. Бір қарағанда, көзімізге алып қыстырғыш түскенімен, ескерткіш авторларының бұны қоюдағы мақсаттары бұдан да терең. Олардың айтуынша, қыстырғыш-ескерткішке мән беріп қараған адам Жер-Ананы адамзат баласы қалай мазақ қылып жатқанын түсінетін көрінеді.
Бұндай алып қыстырғыш-ескерткіштердің кішірек көшірмелері де жоқ емес. Төмендегі қыстырғыш Украинаның Киев қаласындағы тұрғын үйлер арасында тұр. Бұл ескерткіш дәрежесіне жете алмаса да, кішкентай балалар ойнайтын үлкен ойыншық екені сөзсіз.
Енді осы материалдың жазылуына түрткі болған Өскемендегі ескерткішке тоқталып өтейік. Биіктігі 3 метр қыстырғыш-ескерткішті қала күнінің қарсаңында қала әкімшілігі биыл (2013 жылы) тұрғындарға сый ретінде ұсынған екен. Дегенмен Өскеменнің кейбір тұрғыны басқа емес, дәл қыстырғышқа не үшін ескерткіш қойылғанын түсіне алмай дал, тіпті кейбіреулер ескерткіш авторын талғамсыз деп танып, сүйікті қаласы мән-мағынадан, әдеміліктен жұрдай ескерткішке толып кете ме деп алаңдап жүрген көрінеді. Дегенмен қыстырғыш-ескерткіш әлі-ақ Өскеменнің мақтанышына айналатынына сенетіндер де жоқ емес.
Кіп-кішкентай қыстырғыш енді қанша сәулетшінің түн ұйқысын төрт бөлер екен?
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: uznai-mir.blogspot.com, sajt-2v-klassa-9shk.narod.ru, best-mam.com, yk-news.kz