- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Қыста саяхаттауға тұрарлық...
Қыста саяхаттауға тұрарлық 5 мекен
Көпшілік жазы әсем жерлерге саяхаттайды. Ал нағыз қысқы атмосфераны сезіну үшін қайда барған дұрыс? Біз осы мақалада ғажайып ертегідегідей көркем қысқы мекендерді топтастырдық.
Таллин, Эстония
Әрине, Таллинге католиктік Рождество қарсаңында немесе Жаңа жылдық мерекелерде келген дұрыс - дәл осы уақытта қалалық әкімдік жанындағы алаңда жәрмеңке ашылады, онда сіз қызықты кәдесыйлар мен қолөнер бұйымдарын таба аласыз, жергілікті тағамдардан дәм татуға және эстон фермалары өнімдерінің балғын иісін сезуге мүмкіндік аласыз. Бірақ Эстония астанасына демалыс кезінде бара алмасаңыз, ол маусым аяқталғаннан кейін барыңыз - сізді еуропалық қысқы ертегілердің атмосферасы жаулап алатыны сөзсіз.
Венеция, Италия
Еуропадағы ең танымал оқиғалардың бірі, жарқын, түрлі-түсті және ғажап Венеция карнавалы қыста өтеді. Бұл уақытта қала әртүрлі бетперде киген көптеген ерекше кейіпкерлерге толы, ал көшелерде көріністер қойылады. Мұнда сіз Ренессанс дәуірінің талғампаз ханымдарын, ежелгі емшілерді және фантастикалық кейіпкерлерді кездестіре аласыз.
Брюгге, Бельгия
Терезелері керемет шілтерлері бар Брюггенің ескі ғимараттары ертегі үйлеріне ұқсайды. Жолыңыз болып, сіз барғанда қар жауса, бүкіл қалаға қант ұнтағы себілгендей болады! Брюггеде желтоқсан мен қаңтардың басында орталық алаңда мұз айдыны жұмыс істейді, үлкен шырша орнатылып, Рождество базары ашылады. Сондай әсем декорация ортасында конькимен сырғанағаннан кейін сіз ыстық глинтвейнмен жылынып, дәмді бельгия шоколадының дәмін тата аласыз.
Андорра таулары
Бұл Князьдік тауларымен әйгілі: елде 65 тау шыңы бар. Андорра Пирренейлерінің ең биік нүктесі (2942 м) - Кома Педрос тауына көтеріліп, сіз бүкіл әлем аяғыңыздың астында жатқандай күй кешесіз! Бұл жердің тағы бір артықшылығы - Андорра бажсыз аймақ, сондықтан қалаған нәрсеңізді жергілікті дүкендерден сатып алуға болады.
Хоанг Лиен ұлттық саябағы, Вьетнам
Мамырдан қыркүйекке дейін Хоанг Лиенс саябағында жаңбыр маусымы болады. Ал қыста қалың ормандар, әдемі сарқырамалар мен күріш алқаптарының сәні кіреді. Мұнда сіз Вьетнамның ең биік шыңы Фаншипан тауына көтеріліп, аңғарлар мен бамбук қопасының панорамалық көрінісіне тамсана аласыз. Ал саябақта серуендеу кезінде гиббондар, бүркіттер және басқа да жануарларды тамашалай аласыз. Сіз бұл жерде мүлдем жалықпайсыз!
А. Оралқызы