- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Кедей балаларға арналған...
Кедей балаларға арналған аяқ киім
Кейде жай ғана өнертабыс түрімен миллиондардың ықыласына бөленіп, рақметін алуға болады. Дәл осындай бақытқа Кэнтон Ли атты өнертапқыш жігіт ие болды. Ол ғаламшарымыздың ең кедей тұрғындарына арнап 5 жасқа дейін өлшемі өзгере алатын аяқ киім жасады.
Аяқ киім тұрмақ, нан мен суға зар болып жүрген халықтың қамын осылай ойлаған өнертапқыш жігіттің бұл тапқырлығы бүкіл ақпарат көзін шулатып отыр. Бұл аяқ киімді кедей халықтың беске дейінгі балалары мезгіл мен жас таңдамай киетін болады. Сонымен қатар аяқ киім материалы да 5 жылға төзімді етіліп жасалған.
Бүгінгі таңда әлемде 300 миллионға жуық бала кедейліктің дәмін татып, жоқшылықтың таңын атыруда. Ішерге асы табылып жарытпайтын олардың аяқ киім киюге жағдайлары қайдан болсын?.. Осылайша жалаңаяқ жүруді әдетке айналдырған балалардың аяқтарына жара да, паразиттер де құмар болып алған.
Ғаламшардың ең кедей тұрғындарына киім-кешек пен аяқ киім жинап жеткізетін ұйым әлемнің әр түкпірінде бар. "Ұйым жұмыс жасап жатқан жоқ" деуге ауыз бармайды. Олар жылына миллион жұп аяқ киімді оларға қарай жіберіп жатыр. Әйткенмен аяқтары тез өсіп жетілетін балалардың бәрін аяқ киіммен қамтамасыз етуге қауқарлары жетпей отырған жайы бар.
Сондықтан Кэнтон Лидің жасаған аяқ киімдері кедей отбасының балалары үшін таптырмайтын көмек болып тұр. Аяқ киімді арнайы қыстырғыштары арқылы тарылтуға және кеңейтуге болады. Оның бір жұп аяқ киімінің бағасы – 10 доллар.
Сурет: fit4brain.com
А. Әбілхан