Соңғы уақытта Каталонияның тәуелсіздік алу жолындағы талпыныстары басты жаңалықтардан түспей келеді. Осы орайда Испанияның Каталония автономдық облысында қарашаның 25 күні Парламенттік сайлау өтетін нәтижесі Каталонияның болашағына тікелей әсер етпек. Өйткені, каталониялықтардың басым бөлігі Испаниядан бөлінуді қалайды. Сарапшылар тәуелсіздікті халықтың 53 пайызы қолдауы мүмкін деген жорамал жасап отыр.
Өзгелерден өзіндік колоритімен ерекшеленіп тұратын Каталония халқының мәдениеті мен тұрмыс-салты біреуге таныс болса, біреу бұл автономияның бар екенін де хабарсыз. Сол себепті, осы мақалада аты әлемге танымал Каталония тумалары туралы шағын ақпарат беруді жөн көрдік. Біле жүріңіз, оқырман.
Есімі Жер жаһанға мәшһүр Сальвадор Дали (1904-1989) Каталония жұртшылығының ең дарынды өкілі. Қылқалам шебері Каталонияның Фигерас қаласында туып, өмірінің көп бөлігін сонда өткізген. Онда қазір Дали Театр-мұражайы жұмыс істейді.
Өзінің көз тартар көркі мен айрықша архитектурасы үшін Каталония астанасы Барселона осы аймақтың тағы бір талантты тумасы Антони Гаудиге (1852-1926) қарыздар.
Раймунд Луллий (1235-1315) есімді ортағасырлық саяхатшы әрі философ алғашқылардың бірі болып туындыларын туған каталан тілінде жазған екен.
Әлемнің үздік виолончелистерінің бірі Пау Казальс (1876-1973) та Каталония жерінде дүниеге келген.
Каталония жері жүзім әрі шарап өндірісімен танымал болса, дүние жүзіндегі ең атақты шарап жасаушы Факундо Бакарди (1814-1887) каталониялық болмағанда кім болады?! Ол 1862 жылы Кубада «Бакарди» шарап жасау компаниясының негізін қалаған.