Қала ортасындағы ғарыш кеңістігі

Қала ортасындағы ғарыш кеңістігі
Фото: vk.com

Оңтүстік Кореяда Қысқы Олимпиада ойындарының өткізілуіне орай әлемдегі ең қанық қара түсті ғимарат пайда болды. Павильон қабырғалары Vantablack VBx2 аталатын қою қара материалмен қапталған. Бұл қала ортасындағы ғарыш кеңістігі іспетті әсер қалдырады.

Павильонды Hyundai Motors тапсырысы бойынша британиялық сәулетші Асиф Хан жасаған. Ол арнайы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына орай жоспарланған нәрсе болып шықты.

Әлемдегі ең қанық қара түсті ғимарат арнайы жабыны арқылы ерекшеленеді. Қабырғалары жарық, микротолқындар мен радиотолқындардың 99,965%-ын сіңіретін Vantablack VBx2 пигменттерімен өңделген көміртекті нанобағаналар негізінде салынған. Олимпиада ойындары өтіп жатқан Пхенчхан қаласында бұл павильонды «Қара дақ» деп атап кеткен.

Сонымен қатар, павильонның қабырғасына жұлдыздарға ұқсайтын жарқыраған шағын шамдар орналастырылған. Ғимараттың беті оған жақындаған сайын өзгеріп отырады. Ал, ғимараттың ішінде мүлде басқа эстетика орын алған. Қараңғы коридор аппақ бөлмеге алып келеді.


А. Оралқызы