Жабайы жануарларды торда ұстап, кейін әдейі баулап, қылығын тамашалау әуелден қалыптасқан әдет. Бірақ соңғы кездері гуманизмге аяқ басуға бел буған кей белсенділер оларды зообақта ұстаумен қоса, цирк сахнасына шығаруға қарсылық білдіріп жүр. Расымен, қуыршақтың киімін киген арыстанға күліп қарау мүмкін емес. Енді алғашқылардың бірі болып Париж қаласы басшылығы жыртқыш аңдарды цирк сахнасына шығаруға тыйым салды. Ереже 2020 жылдан бастап күшіне енеді.
Репертуарында жабайы жануарлардың бағдарламасы бар шапитолар енді бұрынғыша қаладан арнайы бөлінген жерде өнер көрсете алмайды. Тек енгізілген жаңа ережеге сай қызмет ұсынатын ұжымдарға ғана қала әкімдігі қол ұшын созады. Осы ұсынысты құп көрген "Буглионе" және "Грюсс" цирктері бұрынғы орындарында қалады. Қалғанының лицензиясы қайта қаралады.
Париждің көшпелі француз цирктерінде қазір мыңнан астам жыртқыш өнер көрсетеді. Олардың қатарында жолбарыстар, арыстандар, піл, бегемот, бабуиндер мен макакалар, сондай-ақ, аюлар мен зебралар бар. Енді жануарларға қорлық көрсету мен көңіл көтеру мақсатында пайдалану заң жүзінде жазаланатын болады.