Жер шары әр секунд сайын өзгеріске ұшырайды. Бұған бірінші кезекте адамзат баласының әсері бар. Адамзат әрекеті жануарлар мен өсімдіктер әлеміне, табиғатқа, оның ішінде көлдерге қауіп төндіріп тұр.
Өлі теңіз — Таяу Шығыстағы ең танымал ағынсыз тұзды көлдің бірі. Мұхит деңгейінен 420 метр биіктікте орналасқандықтан құрлықтағы ең төмен аумаққа жатады. Өкінішке қарай, Өлі теңіздің тағдыры қиын, болашағы бұлыңғыр. Көлге келіп құятын өзендер мен жер асты суларын ауыл шаруашылығына пайдалану, аймақтағы климаттың өзгеруі — Өлі теңіз деңгейінің азаюына әкеп соқты. Ғалымдардың пайымдауынша, 2050 жылы Өлі теңіздің орнында кішігірім көлдер ғана қалады.
Урмия көлі
Урмия көлі — Арменияның таулы өлкесінде орналасқан ағынсыз тұзды көл. Кезінде Иранның солтүстік батысындағы көл солтүстіктен оңтүстікке қарай 140, шығыстан батысқа қарай 85 шақырымға созылып жататын. Соңғы ширек ғасырға жуық уақытта көлдің көлемі 2000 шаршы шақырымға дейін азайған. Бұл 1984 жылғы көрсеткіштен үш есе төмен.
Көл деңгейінің төмендеуіне оны зерттеген мамандар аймақтағы қатты құрғақшылық пен жер суландыру мақсатында суды дұрыс пайдаланбау себеп болды деп отыр. Сондай-ақ көлге құятын өзендерде бөгеттердің тұрғызылуы кері әсерін берген. Қазіргі таңда Урмия көлінің бүкіл экожүйесі жойылу қаупі алдында тұр. Ғалымдардың айтуынша, алдағы бірнеше жылда Урмия көлінің орнында тек ми батпақ қалады.
Чад көлі — Орталық Африкадағы ежелгі қалдық көл. Нигер, Камерун, Нигерия және Чад секілді төрт мемлекеттің шекарасын бөліп тұрған көлдің ауданы өткен ғасырдың 60 жылдары 26 мың шаршы шақырымды құраған екен. Төрт бірдей мемлекетті тұщы сумен қамтамасыз етіп отырған Чад көлі жақын болашақта жер бетінен жойылып кетуі мүмкін. Бұған өзендерді ауыл шаруашылығына дұрыс пайдаланбау мен сол маңдағы халық санының тез өсуі себеп болып отыр.
Орта Азиядағы ең үлкен ағынсыз тұзды көл Қазақстан мен Өзбекстанның аумағында орналасқан. Кезінде аумағы жағынан әлемдегі төртінші көл саналған Аралдың суы 1960 жылдан бастап азайып келеді. Ал 1989 жылы Арал теңізі екі көлге — Оңтүстік және Солтүстікке бөлінді. 2014 жылы Оңтүстік көлінің шығыс бөлігі толықтай құрғап қалды. Көлге құятын Әмудария және Сырдария өзендерінің ауыл шаруашылғына ұтымсыз пайдаланғандықтан, қазіргі таңда Арал теңізі толықтай жойылып кету қаупінің алдында тұр.
Бұдан бөлек, көлдерге төніп тұрған қауіп оны мекен еткен жануар мен өсімдік әлеміне де өз әсерін тигізбей қоймайды. Қазірден бастап көлдерді қайта қалпына келтіруді қолға алмаса, жақын болашақта Жер шары төрт көлінен айырылып қалуы мүмкін.