Халықаралық құқықта әлі күнге дейін әуе кеңістігі мен ғарыш арасындағы шекара айқындалмаған. Соған қарамастан халықаралық келісімдерге сәйкес ғарыш кеңістігі ешбір елдің жекеменшігіне берілмейді. Оған қоса әрбір елдің әуе кеңістігі болса, ғарышта мұндай шектеулер жоқ. Барлық заң актісі ғарыш басталған сәттен күшін жоғалтады.
Халықаралық авиация федерациясы ғарыш кеңістігі бейресми түрде теңіз деңгейінен 100 шақырым биіктікте басталады деп бекіткен. Дәл осы аралықта Карман сызығы арқылы Жер мен ғарыш арасындағы шекара көрсетілген. 1956 жылы америкалық физик Теодор фон Карман дәл осы көрсеткіште атмосфера күшін жоғалтып, аяқталатынын анықтаған. Карман сызығына жеткен кез келген аэродинамикалық ұшатын құрылғы құламауы үшін секундына 7,9 шақырым жылдамдықпен ұшу керек. Ал ұшақтар өздігінен бұл межеге көтеріле алмайды, ол үшін арнайы ғарыш аппараттары қажет.
Жердің ауа қабығы 100 шақырыммен бітпейді, ол тағы 10 мың шақырымға дейін жалғасқан. Алайда Жерден алыстаған сайын атмосфераның құрамындағы сутегі азая береді. Карман сызығына алғаш немістің "Фау-2" баллистикалық зымыраны жетті. 1944 жылы зымыран 188 шақырым биіктікке жетіп, суборбитальді ғарышқа ұшты.
1962 жылы Бірікке Ұлттар ұйымының ғарышты бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комитетінің мүшелері 100 шақырым биіктікті Жер мен ғарыштың арасындағы шекара ретінде ресми бекітуді ұсынды. Алайда әлі күнге дейін ғарыш мамандары бір келісімге келе алмады. Бүгінде ғарышқа ұшуға рұқсаты бар әрбір ұйым шекараны өздігінше бекітеді. Мысалы АҚШ-тың әскери әуе күштері 80 шақырым биіктікке ұшқан қызметкерлеріне астронавт төсбелгісін береді.