Американың Сан-Диего қаласындағы зоопаркте солтүстік ақ мүйізтұмсық өз тіршілігін тоқтатты. Енді жер бетінде тіршілік етіп жүрген бұл жануардың саны үшеу ғана қалды. Жоғалу қаупі туған жануардың өмірін сақтап қалу үшін мамандар барын салғанымен, қолдан қайран болмаған.
Солтүстік ақ мүйізтұмсық (Ceratotherium simum cottoni) оңтүстіктегі тұқымдасына қарағанда біршама ірілеу. Сондықтан да, ол ірілігі жағынан жердегі жануарлар арасында пілден кейінгі екінші орында. Өткен ғасырдың басына таман солтүстік мүйізтұмсықтар Оңтүстік және Солтүстік Шығыс Африкаға таралған. Алайда, мүйізіне бола ауланған олардың тұқымы тез құрыды. 1960 жылы жер шарында олардың шамамен 2000-ға тарта түрі болса, 2008 жылы браконьерлер жабайы табиғат аясын паналаған солтүстік ақ мүйізтұмсықтың ең соңғысын атып өлтірген екен.
Сан-Диего қаласының зоопаркіндегі «Сафари-Парк» солтүстік ақ мүйізтұмсықты сақтау жөніндегі бағдарлама бойынша таңдалған орындардың бірі еді. Осыдан біраз жыл бұрын мұнда үш солтүстік ақ мүйізтұмсық тіршілік еткен екен. 2007 жылдың мамырында Нади есімді ұрғашы мүйізтұмсық, 2014 жылдың желтоқсанында 34 жасар Ангалиф есімді аталығы тіршілігін тоқтатқан. Енді міне, олардың соңынан 22 қарашада осында 1989 жылдан бері тіршілік етіп келе жатқан 41-жасар Нола есімді мүйізтұмсық та өлді.
Нолаға соңғы кездегі денсаулығының нашарлауына байланысты ұйықтатын дәрі егіліп жүрген көрінеді. Артрит пен бактериалы инфекцияға байланысты қарашаның басында арнайы ота жасалғанымен, бұл Нолаға көмектеспегенге ұқсайды. Күн сайын шөгіп, тіршілігі таусылып бара жатқан жануарға қатысты зоопарк қызметкерлері эвтаназия туралы шешім қабылдаған.
Осылайша, Жер бетінде қазіргі таңда солтүстік ақ мүйізтұмсықтың үшеуі ғана қалған. Екі ұрғашы және бір аталық мүйізтұмсық қатаң күзетілетін Кения паркінде. Өкініштісі, олардың бәрі кәрі, төлдеуге қабілетті емес екен. Айта кетерлігі, ғалымдар «жоғалып бара жатқан жануардың» осы түрін қолмен ұрықтандыруды жоспарлайды: бұған дейін өлген еркек мүйізтұмсықтардың ұрығы мұздатып, қатырылған екен, мамандар пікірінше, осы ұрықты оңтүстік ақ мүйізтұмсықтарға егуге болады. Осы жұмыс үшін қазіргі таңда Оңтүстік Африкадан Сан-Диего зоопаркіне мүйізтұмсықтың алты түрі әкелініпті.
Айта кетерлігі, оңтүстік ақ мүйізтұмсық (Ceratotherium simum simum) та құрып бара жатқан жануарлар түріне жатады: браконьерліктің кесірінен олардың 20 000-ы ғана қалған.
Дереккөз: nationalgeographic.kz