Жапония ғалымдары жұмысқа қоғамдық көлікпен барудың артықшылығын анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жапония ғалымдары жұмысқа қоғамдық көлікпен барудың денсаулыққа пайдалы екенін мәлімдеді. Зерттеуге Осака қаласының 49-54 жас аралығындағы 6 мың тұрғыны қатысты. Ғалымдар зерттеуге қатысушыларды екі топқа бөлді: жұмысқа жеке көлігімен баратындар және қоғамдық көлікті немесе велосипедті қолданатындар. Зерттеу 2012-2015 жылдар аралығында болды.
"Ғалымдар жұмысқа қоғамдық көлікпен немесе велосипедпен барудың артық салмақ қосу қаупін 44 пайызға төмендететінін, қан қысымын - 27 пайызға, егер сапар 20 минут немесе одан ұзаққа созылса, сусамырдың пайда болу қаупін 34 пайызға төмендететінін анықтады", – делінген мақалада.
Айта кетейік, ғалымдар бұл зерттеуді шетелдік әріптестерімен бірігіп өзге елдерде жүргізіп көруге ниеттеніп отыр, себебі олар жапондар ағылшындарға қарағанда семіздікке сирек шалдығады деп есептейді.