- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Жаңа қоңыз түріне...
Жаңа қоңыз түріне The Beatles атауы берілді
Голланд ғалымдары жаңадан табылған қоңыз түрін The Beatles тобының құрметіне атады. Бұл жайында The Daily Telegraph басылымы жазды.
Қаттықанаттылар түріне жататын қоңызды табу үшін зерттеушілер Амазонканы аралап, болмаса Оңтүстік Шығыс Азия ормандарын кезбеген. Жаңа қоңыз түрін Амстердамның қақ ортасындағы Вондел саябағынан (Vondelpark) тапқан. Нидерланд астанасындағы бұл парк қала қонақтары мен туристер көп келетін орындардың бірі.
Қоңыздың жаңа түрі ғылыми-танымдық экскурсия кезінде табылған. Басылым мәліметі бойынша жаңалықты ашқан Амстердам ашық университетінің мамандары. Олар жаңа қоңыз түріне атау беру жайын көп ойланбаған да.
- Жәндіктерге танымал музыка өнері майталмандарының атын жиі беріп жатады. Леди Гага атымен аталатын бізқұйрық қоңыз бар. Бейонсе есімімен аталған шыбын түрі бар. Инеліктің төрт түрі танымал Queen тобы мүшелерінің атын алған. Бірақ осыған дейін The Beatles деген жәндік атауы болмапты, - деп жазылған университет хабарламасында.
The Beatles тобы 1960 жылдары британдық және әлемдік музыка өнерінің биігіне көтерілді. Топты кей жерлерде "қоңыздар" деп атағандар да көп болды. Себебі ағылшын тілінде "Beetles" деген қоңыз деген сөз. Ал топтың атауы - The Beatles. Бұл жайында сұрақ көп қойылған. Бірде топтың мүшесі, әрі құрғандардың бірі Джон Леннон "Beetles" емес, "а" әрпімен жазылатынын журналистерге ерекше ескерткен.
Топ атауының қоңызға түк қатысы жоқ. "Beat" cөзінің түп төркіні "такт" немесе "ритм" деген мағынаны білдіреді.
Koch, Eric / Anefo
Голланд ғалымдары жаңадан табылған қоңыз түрін британдық топтың The Beatles деп аталуына қарай қоймаған. Олар басқа себепті басты назарға алған. Мақалада жаза кеткендей, қоңыз Hilton қонақүйіне жақын маңдағы саябақтан табылған. Ал сол қонақүйде 1969 жылдың 25-31 наурызы аралығында Джон Леннон мен оның әйелі Йоко Оно Вьетнамдағы соғысқа қарсы наразылықтарын білдірген еді. Олар бір апта бойы төсекте жатып журналистерге сұхбат берген болатын.
The Beatles тобы жайлы
Rolling Stone журналы бұл топты үздік әншілер рейтингінде бірінші орынға қояды. Ливерпуль төрттігінің музыка әлеміндегі орны бөлек. Альбомы ең көп сатылған (600 млн-нан аса) топтардың бірі. Ұлыбритания мен АҚШ музыка өнеріндегі тарихи көшбасшы топ.
Топ он рет Grammy сыйлығын алған. The Time журналы топ мүшелерін ХХ ғасырдағы ең ықпалды адамдар тізіміне қосқан.
The Beatles 1960-1970 жылдары өнімді еңбек етті. Кейіннен тарап, әркім жеке шығармашылығымен айналысып кетті. Қазіргі таңда Пол Маккартни (77 жаста) мен Ринго Старр (79 жаста) музыка саласындағы жұмыстарын жалғастырып келеді. Джон Леннон 1980 жылы Нью-Йоркте фанаты қолынан қаза тапты. Джордж Харрисон 2001 жылы қатерлі ісіктен көз жұмды.
Н. Үсенова