- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Ирандағы көркі көз...
Ирандағы көркі көз қызықтыратын "Алатаулар"
Сан түрлі түске боялған Маһнешан таулары Ирандағы Табриз қаласының солтүстік-шығысынан 25 шақырым жерде Занджан облысында орналасқан. Көз қызықтыратын бұл төбелердің жергілікті атауы – Аладағлар. Олардың түсі қызыл, қоңыр, жасыл, сарғылт, сары және ақ. Мұндай түстер топырақтың құрамында бар шөгінділер мен минералды заттарға байланысты.
Бағзы заманда жергілікті тұрғындар Наурыз мейрамы қарсаңында осы түрлі-түсті топырақты араластырып немесе өздері қалаған бір түсті таңдап, үйдің сыртын бояған. Бір қызығы Ирандағы бұл заты бөлек «Аладағлар» деп аталатын таулардың атауы түркі сөзінен шыққан екен. «Ала» түркі тілінде түрлі-түсті, ал «дағ» тау деген мағына береді. Яғни қазіргі қазақ тілімен айтсақ «Алатаулар».
Ирандық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Маһнешан тауларының көлемі – шамамен 70 шаршы шақырым. «Маһнешан таулары – Занджан облысының таңғажайып табиғи тартымдылықтарының бірі.
Геологтардың айтуынша, мұндай әдемі құбылыс 15 млн жыл бұрын түзіле бастаған. Түстің әрқайсысы белгілі бір минералды білдіреді. Ал жасыл түс топырақта мыс барын көрсетеді. Сан түрлі түсімен көрген адамның көз жауын алатын Маһнешан таулары – суретке түсіруге таптырмайтын объект», деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.