Жақында әлемге хот-догтарды жылдам жеумен аты шыққан АҚШ-тың Калифорния штатының тұрғыны "Жақ сүйек" лақап атымен танымал Джоуи Честнат американ ұлттық тағамын жылдам жеп бітіруден өткен әлем біріншілігінде топ жарды, деп жазады USA Today газеті.
Дәлірек айтсақ, Честнат он минуттың ішінде 69 хот-догты жеп бітірген. Өткен жылы ол дәл осы уақыт аралығында 68 хот-догты қылғытқан еді. 2013 жылғы әлем біріншілігі АҚШ-тың тәуелсіздік күні қарсаңында өзінің ерекше ғимараттымен танымал Кони-Айленд түбегінде өткен болатын. 29 жасар Честнаттың жеңіске жетуіне оның қасында тұрып оған қолдау көрсеткен құрбысының да үлесі болды. Аталған газеттің жазуынша, Честнаттың дәл осындай жарысқа қатысуы алғаш рет орын алып тұрған жоқ. Ол бұған дейін де сэндвич және пицца жеуден де бірнеше рет жеңімпаз атанып келген. Ал дәл осы хот-дог жеу сайысында оған осымен жетінші жыл қатарынан тең келетін қарсылас табылмай тұр.
Честнат жеңісінен кейін хот-дог жеуден әйелдер арасында жарыс басталып кетті. Онда 43 жасар "Қара жесір" атымен танылған Соня Томас жеңіске жетті. Ол он минут аралығында 37 хот-догты "жоқ қылды".
Жалпы әйелдер арасындағы хот-дог жеуден әлем рекорды 10 минутта 45 дана болып тіркелді. Раунд уақыты 2008 жылға дейін 12 минут болатын. Алайда ұйымдастырушылар сол жылы оны жарыс алғаш бастау алған сонау 1916 жылы Кони-Айлендтегідей он минуттық қылып қайта қалпына келтірді.
Тарихтан қысқаша мәлімет келтіре кетсек, алғашқы хот-догты 1870 жылы неміс аспазы Чарльз Фелтман (Charles Feltman) пісірген еді. Ал 1916 жылы поляк Натан Хэндвэркер (Nathan Handwerker) есімді кәсіпкер алғаш хот-дог сататын өзінің Nathan’s Famous деген компаниясын ашты.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: mirfactov.ru