Халықтың хал-ахуалын көтеру үшін мемлекет тарапынан түрлі жобалар жасалынып жатады. Кей елдер мен қалаларда тұрмысы төмен отбасылар мен жұмыссыз жандарға тектен-тек ақша да береді.
Белгілі бір мөлшерде ақша беру туралы жоба кей елдерде ХХ ғасырдан бастап қолға алынған. Берілген ақшаны кім қалай жарататыны бақыланып отырған. Бүгінде тектен-тек ақша беру жобасы біраз елдерде тәжірибелік мақсатта қолданылып жатыр.
Финляндия
Финляндия елінің басшылығы 2017 жылдан бастап 2000 жұмыссыз отбасыға ай сайын 560 евродан төлеу туралы қаулы қабылдады. 25 пен 58 жасқа дейінгі отбасы иелері кездейсоқ таңдалады екен. Жұмыс тапқан жағдайда да ақша төлене береді. Тек әлеуметтік көмек қаржысы төленбейді. Келер жылы ақша алушылар санын көбейтпек. Тәжірибе 2 жылға созылады. Егер халықтың хал-ахуалы түзеліп жатса, ары қарай созыла беруі де мүмкін.
Фин еліндегі орташа еңбекақы мөлшері - 2202 евро.
Италия (Ливорно)
Италияның Ливорно қаласында 2016 жылдан бері 100-ге жуық тұрмысы төмен жанұя айына 517 евро көлемінде ақша алады. 2017 жылдың қаңтар айынан бастап тағы 100 отбасы бұл жобаға қосылды. Бүгінде мұндай тәжірибені Неаполь мен Рагуза қаласының басшылығы да бақылауда ұстауда.
Ливорнодағы орташа еңбекақы мөлшері – 1480 евро.
Кения
GiveDirectly ұйымы Кенияда 6 000 отбасыға айына 22 доллардан беру туралы жоба бастаған. Аталған жоба алдағы 12 жыл бойы халыққа көмегін тигізетін болады. Жергілікті халық үшін 22 доллар қомақты ақша. Олардың 45 %-ы мұндай еңбекақы алып та көрмеген. Кениялықтар бұл ақшаны үйдің жөндеу жұмыстарына, ауыз су мен балаларының оқуына жұмсайды екен.
Кениядағы орташа еңбекақы мөлшері – 291 доллар.
Нидерланд (Утрехт)
2017 жылдың мамыр айынан бастап Утрехттегі 250 тұрғын айына 960 евродан ала бастады. Бұл да тәжірибелік мақсатта қолға алынып отырған жобалардың бірі. Алдағы 2 жыл ішінде тұрғындарға төленетін болады. Көмек қаржысын алушылар 6 топқа бөлінген. Сондай-ақ арнайы талаптары да бар. Мәселен жобадағы тұрғындар ерікті ретінде қоғамдық жұмыстарға қатысса, қосымша тағы 150 доллар алады. Егер бұл тәжірибе оң нәтиже беріп жатса, өзге қалалар да осындай жобаны жүзеге асырмақ.
Утрехттегі орташа еңбекақы мөлшері – 2227 евро.
Бразилия (Марика)
Бразилияның Марика муниципалитетінде 150 000 тұрғын айына 30 доллар көлемінде көмек қаржысын алады. Ал тұрмысы төмен отбасыларға қосымша 28 доллар береді.
Марика муниципалитеті кіретін Рио-де-Жанейродағы орташа еңбекақы мөлшері – 642 доллар.
Үндістан
Үндістан осы жылдан бастап халықтың тұрмыстық жағдайын көтеру үшін 7 жыл бұрын оң нәтижесін берген тәжірибелік жобасын қайта қолға алмақ. Осыған дейін елде «UNICEF» қолдауымен 18 ай 6 000 тұрғынға ақша берілген. Бұл жоба жағдайы нашар отбасылардың аяқтан тұруына көп көмегін тигізген.
Үндістандағы орташа жалақы мөлшері – 535 доллар.
Канада (Онтарио)
2017 жылдың мамыр айынан бастап Канаданың Онтарио елдімекенінде 18 бен 64 жас аралығындағы 4 000 тұрғынға айына 1415 доллардан берілмек. Жылдық табысы төмен және мүгедек жандарға қосымша көмек те қарастырылған.
Онтариодағы орташа еңбекақы мөлшері – 2216 доллар.
Уганда
Осы жылдан бастап «Eight» ұйымы Уганданың бір елдімекенінде 50 отбасыға апта сайын 8 доллар көлемінде ақша беріп тұрады. Тәжірибе 2 жылға созылады. Осы қаржының негізінде деректі фильм түсірілмек екен.
Угандадағы орташа еңбекақы мөлшері – 168 доллар.
АҚШ (Окленд)
Қаңтар айынан бастап АҚШ-тың Окленд қаласында «Y Combinator» қорының қолдауымен 100 отбасыға айына 2 000 доллардан төлене бастады. Көмек алушы отбасылар кездейсоқ таңдалған. Олар жұмыстан бас тартып, ерікті қызметін атқарып, өзге елдерге шығуларына да болады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта бұл жобаға тағы 900 отбасыны қоспақ екен. Жоба 2021 жылға дейін жалғаспақ.
Оклендтегі орташа жалақы мөлшері – 3215 доллар.
Тектен-тек ақша берудің алғашқы нәтижелері:
- Ақша алушылардың көпшілігі қаржыны үйді жөндеу, оқу мен дұрыс тамақтануға жұмсайды екен.
- Біршама тұрғындар денсаулығына байланысты қаржыны дәрі-дәрмекке жұмсаған.
- Халық қарызын қайтарып, несие алушылар саны азайған.
- Жасы ұлғайған жандар жұмыстан шығып, денсаулығына күтім жасай бастаған.
- Тәжірибеге қатысушылардың көпшілігі ай сайынғы көмек қаржысы болашаққа жоспар құру мен маңызды шешімдер қабылдауға жол ашқанын айтқан.