- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Гудзондағы таңғажайып: 10...
Гудзондағы таңғажайып: 10 жыл бұрынғы оқиға ізімен
2009 жыл, 15 қаңтар. US Airways әуекомпаниясының Airbus A320-214 ұшағы AWE 1549 рейсі бойынша Нью-Йорк - Шарлотт - Сиэтл қалаларына сапар шекпек. Әуе кемесінде 150 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі бар. "Апат айтып келмейді" дегендей, оларды бірер минуттан кейін не күтіп тұрғаны белгісіз еді...
Ұшақ әуеге сәтті көтеріледі. 975 метр биіктікке жеткенде кенеттен канадалық қарашақаздардың бір тобына соқтығысады. Airbus әуе кемесінің екі қозғалтқышы да істен шығады... Капитан Салли Чесли Салленбергер жылдам шешім қабылдауы керек. Жақын маңдағы әуежайлардың біріне қону туралы бұйрық келгенмен, кеш көрінеді. Нәтижесінде ұшқыш Гудзон өзеніне қондыру жайлы шешім қабылдайды.
Ұшақ әлемдегі ең қауіпсіз транспорт түрі саналатыны рас. Бірақ көкте әуе кемесі істен шыққан жағдайда оны басқару оңай емес. Апатқа ұшырап бүкіл жолаушылары аман қалған оқиға кемде-кем. Сондай-ақ ұшақты су бетіне қондыру қауіпті шешімдердің бірі.
Әлемдік авиация тарихында жолаушылар ұшағын су бетіне қондырған оқиғалар некен-саяқ. Көпшілігі қайғылы оқиғалармен аяқталған. Тек 1963 жылдың 21 тамызында болған Невадағы таңғажайып оқиға бар. Кеңестік Ту-124 ұшағы Таллиннен Мәскеуге бағыт алған. Ұшақ апатты жағдайда қонуға тура келеді. Ұшақ командирі Виктор Мостовой Неваға қондыруды ұйғарады. Көпірлерді соқпай, асқан шеберлікпен ұшақты су бетіне сәтті қондырады. Бұл ерлікті 46 жылдан кейін Чесли Салленбергер қайталады.
Бастапқыда капитан Нью-Йорк әуежайына қайта бұрылу жайын ойлайды. Кейіннен жақын маңдағы Тетербороға (әуежай) қонуды жоспарлайды. Бірақ ұшақ аса биікке көтерілмегендіктен Гудзонға қонудан басқа амал қалмайды.
Құлдилай ұшып келе жатқан ұшақты көрген жұрттың зәре-құты қалмайды. 2001 жылғы лаңкестік әрекет секілді жағдай ма деп шошынады. Airbus A320-214 құлдилаған қалпы Гудзонды бауырлай құлайды. Бір сәт көзден ғайып болып, қайта су бетіне шығады. Жағдайды бақылауда ұстаған құтқару қызметі ұшақтағыларды құтқаруға бірден кіріседі.
Чесли Салленбергер ұшақты сәтті қондырып, өзі соңғы болып шығады. 5 адам ауыр жарақат алғаны болмаса, барлығы аман қалады. Кейіннен капитан мен оның көмекшісі Джефри Скайлзға айып тағылып, суға қондыру жайлы қауіпті шешім қабылдағандары үшін жауапқа да тартылады. Алайда бұлар секілді тәжірибе жүзінде бірде-бір ұшқыш нәтижені қайталай алмайды. Қорытындысында екі ұшқышқа тағылған айып алынып, елдің мақтанышына айналады.
Апатқа ұшыраған Airbus A320-214 ұшағы одан кейін әуеге көтерілмеген. Қазіргі таңда Шарлоттадағы "Каролинас" музейіне қойылған. Ондағы ең танымал жәдігерлердің бірі.
Чесли Салленбергер көптеген америкалық бағдарламаларға қатысып, елдегі атақты тұлғалардың біріне айналды. Ал апаттан аман қалған жандар оған алғысын айтудан жалыққан емес. Жыл сайын жиналып та тұрады.
Бұл оқиғаға 7 жыл өткеннен кейін "Гудзондағы таңғажайып" деген фильм де шықты. Басты рөлді әйгілі актер Том Хэнкс сомдады.
О. Сансызбай