Фотограф Уиджи: "Нью – Йоркке қош келдің!"

Қылмыс пен жаза. Өмір мен өлім. Ләззат пен арпалыс. Бұл — америкалық атақты фотограф Уиджидің суреттеріне көргенде ойға оралатын "егіз" тіркестер. Оның ең атақты әрі қатыгездікке толы жан түршіктірер суреті "Өлім аузындағы қылмыскер болатын"."Газ камерасында өлім жазасына кесілген адам"(Приговоренный к смерти в газовой камере) атты суретінің басты кейіпкері Westinghouse Electric логотипі бейнеленген бетперде киген. Көзіндегі үрей мен тістенген ерін оның өлім алдында дәрменсіз екендігін көрсеткендей. Бүгін, біз америкалық әйгілі фотографтың ерекше суреттерін көрсетіп, өмірін баяндаймыз.

Нью-Йоркке қош келдіңіз!
Уиджи есімімен танымал Артур Феллиг 1899 жылы Украинадағы Золочев атты шағын қалашықта дүниеге келеді. 1909 жылы жанұясымен бірге Америкаға қоныс аударады. Өзінің автобиографиясында ол "жаңа әлемдегі" өзінің алғашқы сезімін былайша сипаттайды:"Әлемдегі ең әдемі жердей көрінген Эллис-Айлендте иммигранттық кеңсе қызметкерлері бізді мұқият тексерді. Әсіресе, көзімізге ұзақ қарады. Бір мейірімді жан маған банан мен апельсин ұсынды. Ал, өмірімде оларды көрмеген мен не істеу керектігін білмедім".

Кейін кедейлік, тас талқаны шыққан пәтерлердегі лас бөлмелер, мектеп. Он төрт жасында жас Артур фотографтың шеберханасында жұмыс істеп, қаражат таба бастайды. "Бірнеше айдан соң Грандстриттегі коммерциялық фотографқа жұмысқа жалдандым. Нағыз студияда ғана фото әлемінен хабар ала аламын деп ойладым. Қасымдағы фотограф жансыз заттарды түсіретін: шам, керуеттер, пианино, шыны ыдыстар, үстелдер".

Уиджи — америкадан бұрын, Нью–Йорктік фотограф. Ол Голливудта жұмыс істеді, саяхаттап Кеңес Үкіметіне де келген. Бірақ, өміріндегі басты қала — Нью-Йорк. Бұның себебі де түсінікті: аш қасқырдай қызыққа құныққан жас, ынтызар, талғампаз адамға Нью–Йорк қана мыңдаған естелік сыйлай алатын еді. 

"Қаза тапқан адамды көрегн Бруклин оқушылары"

Нью-Йорк — тірі қала. Уиджи түсірген барлық кинотеатрлар, қонақ үйлер, полицей учаскелері не жоғалып кетті немесе қатты өзгерді. Бұрын болған қарапайым әрі жайлы жастар мекені Тайм–сквер бүгінде туристер мен ел кезген "үйсіздер" отанына айналды. Сән өзгерді. Уақыттың ағынымен бірге кішкентай дүңгершектер, жарнама тақтайлары, сол уақыттың сәнді шрифтері, автомобиль модельдері біртіңдеп жойылды. Дегенмен, Уиджи қалдырған суреттер арқылы сол заманның бейнесін жасауға болады. Оның суреттері 30—40−жылдардағы шуға толы америкалық мегаполистің басты куәгері. 

"Көлеңкелі" Нью−Йорк:

"Автокөлік ұрлағаны үшін қолға түскен Гарольд Хорн"

Уиджидің Нью-Йоркі Генри Миллердің Нью Йоркі секілді "көлеңкелі" қала болатын:"…Нью-Йорктің көріксіз ғимараттарынан естілетін үмітсіздік пен дәрменсіздіктің әуені тұла бойынды тітіркендіреді. Бұл жерде бірде–бір тас махаббат пен құштарлық арқылы қаланбады, бірде−бір көше би мен ән үшін төселмеді",— дейді Миллер "Тауешкінің ең даласы" атты кітабында. Уиджи камерасына түскен Нью-Йорк берекесіздікке толы еді. Кез келген сәтте қырсық жолыңды кес – кестеуі әбден мүмкін. Бұл жерде тұрақтылық пен сенім жоқ болатын. 

"Уақыт — қысқа"

Фотографтың стилі мен "нуар" егіз ұғым іспеттес. Камерасымен саяхаттаған Уиджи сол уақытта қоғам бірқалыпты санайтын жандардың жын–ойнағына "қонақ болады". Фильмдерде көзге көрінбейтін елестер тек объективте көрінетіні секілді, бұл жолы да оның суреттерінен Нью–Йорк көшесінің "қансорғыштарын" байқауға болады. 

"Сыншылдар"

Одан бөлек,  Уиджи үшін қала — адамдардың тағдырын, олардың абыройсыз аяқталған өмірлерін сипаттайтын сәнсіз театр қойылымы болатын. Уиджи әрқашан қызған оқиғаның куәгері, қатысушысы және жанашары болатын. 


Уиджидің басты кейіпкері — адам:


Оның отбасы да, жынысы да жоқ, ол батырға да ұқсамайды, ол қатыгез болуы да мүмкін. Уиджи ылғи суретке адамдарды түсіретін. Оның суреттерін көрген жазушы Люк Санте: "Суретке қарап бүгінгінің көрермені таңқалары сөзсіз. Кез келген әлеуметтік ортаға жататын ер адам костюм киіп, галстук тақса, әйел адам көйлек пен қалпақсыз көңіл көтермеген. Бірақ, соған қарамастан төменгі тап өкілін бірден айыруға болады. Олар бар эмоциясын еш алаңсыз білдіретіндер. Көшеде түсірілген суреттін мың бет бейнені ішінде байлар өздерін ұстамды, мардымсыз ұстаса, кедейлер өз сезімдерін жасыруға еш негіз жоғын біліп, көрген нәрсесіне тиісті эмоция білдіреді. Олардың бет бейнесі еш қиындықсыз оқылатын мәтін іспеттес", — деп пікір білдірген.  

"Томас Эдмунд Дьюи және фотографтар"

Уиджи кейіпкерлерінің басты бөлігі — қылмыс жасап, қайғыға душар болған адамдар. "Қылмыскерлердің ақтық сәтін түсіру менің таңдауым болатын", — дейді өзі. Өмірдің қараңғы жолымен жиі "саяхаттайтын" Уиджи суреттерінің тарихы бірнеше жылға созылды. Өзінің өміріндегі ең сәтті суреттерді бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс жасаған сәтінде жасаған.

"Көшедегі оқиға"

Уиджи өзін "джентельмен қаңғыбас" деп атайтын: қалай болса, солай киінген, белгілі бір сәтті күтіп көз ілмейтін түндер. "От құшағына бөленген ғимараттарды түсірер кезде мен жалынды ұмытып, адамдарды іздей бастаймын. Өрт сөндіру көлігінің жанында жылап тұрған әйел лаулаған оттан әлдеқайда қызықтырақ". 

Уиджилік Нью–Йорктен бүгінгі Нью–Йорк қалай өзгерген?