Еттен бас тарту трендке айналса

Еттен бас тарту трендке айналса
Фото: freepik.com

Өмір салты мен оны ұзартудың жолын іздеген кезде мыңдаған мәселеге тап болып, бүгін солардан шығудың сан жолын қарастырамыз. Өкінішке орай, өмір салтына келгенде адам таңдауы шектеулі. Әсіресе, тамақ. Ғалымдардың барлығы дұрыс тамақтану режиміне саналы түрде келуді ұсынады. Бұл жерде, арықтау мәселесі, денсаулық мәселесінен бұрын адамның өзін-өзі қабылдауы басты орынға ілігеді. Ет жемейтін қазақ жоқ. Ал, соңғы уақыттары жастар арасында кеңінен таныла бастаған өмір салты – вегетариан ұғымын сіз қаншалықты дұрыс түсініп жүрсіз.

Ұғым нені білдіреді?
Сонымен, вегетарин түсінігі нені білдіреді: диета әлде әлемді қабылдаудың өзге түрі ме? Диетадан гөрі, әлемге бір септігін тигізе отырып, жақын бола түсудің амалына келеді.

Өйткені, шын вегетариан адамның негізгі ойы – арықтау не салмақ қосудан, денсаулық пен жайлылықтан бұрын, қоршаған орта мен жануарларға көрсететін қысымның алдын алу. Оларға қатыгездік таныту, өлтіру әрекеттеріне қарсылық білдіруді ет жеуден бас тарту арқылы білдіреді. Тіпті, құс жұмыртқасын жемейді.

Атақты вегетариандар:
Жастардың еліктеуі белең алып жатқаны болмаса, бұл ұғымның бастау алғанына бірнешt мыңдаған жылдар болған. Мысалы, Сократ, Платон мен Гиппократ.

Қайта өрлеу дәуірінің тұлғалары: Леонардо Да Винчи, жазушылардан Марк Твен болса, бүгінгі заманның атақты вегетаринтары – Пол Маккартни, Чак  Паланик.

Веган мен вегетариан айырмашылығы қандай?
Веган тамақтану үлгісі мен өмірге көз қарасы жағынан айқындылық арқылы көзге түседі. Олар еттен ғана емес, сүт өнімдері, жұмыртқа, аң терісінен жасалған өнімдерден де бас тартады.  

Себептер:
Көбіне бұл өмір салтын адамдар өз еркімен таңдайды: оған себеп рухани және материалдылық тұрғыдан еркіндікке ұмтылу. Дегенмен, діни, географиялық және экономикалық жағдайлардың әсер ететін уақыты да болады.

1. Эстетикалық фактор: тамақ үшін қан төгу – бассыздық. Одан бөлек соңғы уақытта алғашқы сынақ жануарларға жүргізілетіндіктен химиялық өнім, медиакамент, бояулардан да бас тартқан «вегетариандар» қатары артып келеді.
2.  Денсаулық факторы: Сократтың мына сөзі еріксіз ойға келеді «Өмір сүру үшін тамақтану керек. Ал, тамақтану үшін өмір сүрудің қажеті жоқ». Бұл факторды вегетариандар психофизиологиялық жағдаймен түсіндіреді. Тамақтану мен оны пайдалануды дұрыс қолданып білу керектігін алға тартады.

Вегетариан болудың пайдасы мен зияны:
+ Этикалық мәселе;
+ Тамақтану режимін таңдау барысындағы саналы шешім;
+ Ақша үнемдеу;
+ Тамақтың тез қорытылуы, ауырлық пен ұйқышылдықтан арылу;
+ Салмақты қалыпты түрде сақтау;
+ Аурулардың алдын алу.

- Әлем халықтарының мәдениетіне ену мүмкіндігінің болмауы;
- Жануар өнімдерін қолданудан бас тартқан мейрамхана, кафелердің болмауы;
- Қоршаған ортаның қабылдамауы, түсініспеушілік;

Қазақстандық вегетариандар пікірі:
Анара, 21 жас, студент:
– Мен вегетариан боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Шынымды айтсам, бұған себепші болған нәрсе – жануарларды сақтау ойы емес, өз денсаулығым. Ғылыми тақырыптағы мақалалар мен видеолар жиі қарайтынмын. Еттің құрамы, олардың пайдасы мен зияның оқи отырып, көп ақпаратқа қанықтым. Нәтижесінде еттен бас тартуға шешім қабылдадым. Жұмыртқа, сүт өнімдерін пайдаланамын. Бірақ, ет жей алмаймын және оны саналы түрде қабылдадым.

Айзада, 22 жас, медбике:
– Бала кезімде үлкендердің кішкентай қозыны қалай бауыздағандарын өз көзіммен көргем. Сол кезде-ақ жануарларға қиянат жасайтынызды ұққанмын. Басында ет жемейтінмін, қазір сүт өнімдерінен де, жұмыртқадан да, балықтан да бас тарттым. Көкөніс, жеміс-жейдектерден қаншама тағам түрін жасап жеуге болатынын білесіз бе?! Әрине, туыстарымызбен бас қосқанда сұрақтың астына қаламын. Әзірге тұрмыста емеспін, болашақта жарым менің таңдауымды құрметтейді деп сенемін.

Мейіржан, 24 жас, аудармашы:
– Қашан тартқаным және не үшін екенін де білмеймін. Тек ет жей алмаймын. Етке қарағанда тамақ емес, көзі мөлдіреп тұрған жануар бейнесі кө алдыма келеді. Ылғи, «Жігіт емессің ба, қалай ет жемейсің?» дегенді естимін. Бірақ, бұл менің таңдауым ғой. Ол үшін үлкендермен салғыласып, дәлелдеп әуреге түспей-ақ қойған артық. Сондықтан, «иә, иә» деп үнсіз тыңдағандай болып, бас изеп құтыламын.

Аделя, 29 жас, тігінші:
Мен – шынайы вегетарианмын. Ет тағамдарын жануарлар үшін қолданбаймын. Бірақ, өз отбасым бұған көндіккенімен, жолдасымның жанұясы қабылдар емес. «Неге ет аспайсың?», «Неге етсіз тамақ дайындайсың?», «Тағы да шөп-шалаң ба?» деген сұрақтар мезі етті. Қолдамайтынына көзім анық жеткен соң, енді бір дастархан басында екі түрлі тамақты талғау етеміз. Ет пісіріп тұрып, жылап алсам да, отбасым үшін амал жоқ, жануарды құрбан етуге тура келеді.

Міне, Қазақстанда вегетариан болу үшін қоғамды әбден дайындап алу керек секілді. Әйтпесе, «ет жемеймін» десеңіз, шайға тұз қосатындай қарайтыны жасырын емес. Сіз саналы түрде еттен бас тартар ма едіңіз?

Т. Есқали