- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Еріп кеткен мұздыққа...
Еріп кеткен мұздыққа ескерткіш қойылды
1901 жылы Исландияның орталық таулы геологиялық картасында Окйекудль (Okjökull) мұздығы таңбаланған. Жалпы аумағы 38 квадрат километрді алып жатқан. Жылдар өте бұл мұздық ери бастады...
ХХ ғасыр ортасында бұл мұздықтан бар-жоғы 5 квадрат километрі ғана қалған. Ал 2005 жылы толықтай еріп таусылған.
2014 жылы Окйекудльдан (Okjökull) "мұздық" деген атауы алынып тасталды. Қазіргі таңда мұздығы жоқ қалқанды жанартау болып қалған. Атауы да тек "Ок" (исланд тілінен аударғанда мұздық деген мағынаны білдіреді) деп аталады.
Ғалымдар мұны ғаламдық жылынудың бір мысалы ретінде атап отыр. Егер күн райы ыси беретін болса, қандай да бір алдын алу шаралары болмаса, өзге де мұздықтар Окйекудль сынды еріп кетуі бек мүмкін.
Жуырда зерттеушілер мен кинематографшылар еріген мұздыққа арнап арнайы ескерткіш тақта қойды.
- Ок - мұзы еріп, жер бетінен жоғалған алғашқы исландиялық мұздық. Алдағы 200 жыл ішінде өзге де мұздықтар осылай еріп тынуы мүмкін. Бұл ескерткіш жайдан-жай емес, бір істі қолға алуға үндейді, - деп жазылған тақтада.
Мәтін соңына ескерткіштің уақыты (2019 жыл, тамыз) мен атмосферадағы көмірқышқыл газының ең жоғарғы көрсеткіші (415 ррm) жазылған. Көмірқышқыл газының ең жоғары рекордтық көрсеткіші осы жылдың мамыр айында тіркелген.
Ғаламдық жылыну әсерінен жер бетіндегі мұздықтар жыл санап жұқарып келеді. Антарктидадағы мұздықтардың жылына 252 миллиард тоннасы ериді екен. Бұл мұхит деңгейінің көтерілуі мен ағысына өз әсерін тигізуде. Бәрінен бұрын тіршілік үшін қаупі жоғары саналады.
Н. Үсенова