"Даудың басы – Қытайдың шайы": шай үшін болған соғыстар

Қанды соғыс, билікке талас және шай. Бірнеше ғасыр бұрын шайға иелік ету және оны сату үшін талас-тартыс жүрген. Бүгін шайдың кесірінен туындаған тарихи дауларды ұсынамыз.

Camellia sinensis (қытай камелиясы) — камелия тұқымдасына жататын, Оңтүстік Шығыс Азия аймағында өсетін мәңгі жасыл өсімдік. Оның құрамында кофеин, теофиллин, жүйке жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіретін теобромин, танин және ас қорытуды жақсартатын эфир майлары бар. Шайды тұтыну туралы деректер біздің заманымызға дейінгі 2 ғасырда пайда болған — оны Хань династиясының билік өкілдері ішкен. Бастапқыда емдік мақсатта, кейін ағзаны тазалайтын сұйықтық ретінде тұтынды. Оның танымалдылығы уақыт өте арта түсті. Бірақ, бар қызық шай ішу үрдісіне еуропалықтар қызығушылық танытқан 17 ғасырда басталды. Шайды барлық оқиғаның тілсіз куәгері десек қателеспейміз. Ол жаңа мемлекет қаланған жерде, соғыста, есірткі саудасында  тіпті дағдарыстан шығу кезінде де болды. Бұл оқиғалардың арасында оның рөлі басты болмаса да, одан кем емес еді. 

Шайдың арқасында Америка құрама штаттары қалай құрылды?
1721 жылдан бастап Лондон колония тұрғындарына шетелдік компаниялардан шай алуға тыйым салып, оларды тек ағылшын өндірісін пайдалануға мәжбүрледі. Бірақ, ағылшын шайына қосымша 25% салық салынатын. Тұтынушылар үшін бұл қымбат еді. Сол себепті, ағылшындықтар өздері тығылып, заңсыз жолмен шай сатып алған. Сол себепті The East India Company тасымалдаушы компаниясы біраз шығынға батады. 1767 аяғына таман билік заңсыз әрекетті тоқтатып, табыс табу үшін Британиядағы салықты азайтады. Есесіне колонистерге қосымша салық қосады. Бұл америкалықтарға ұнай қойған жоқ. 

Колонистердің ағылшын парламентінде өз депутаттары жоқ еді, сондықтан Британия оларға қатысты шешім шығара алмайды деп қарсы шығады. Ол үшін олардың колониялық жиындары өтетін. Лондон жеңілдік жасағанымен, америкалықтардың қойған талаптарын елей қоймады.  


Бостон портындағы шай, 1773 жыл. Дереккөз: АҚШ Конгрессі кітапханасы

1773 ағылшын билікі Шығыс Үндістан компаниясына өте арзан бағада колонияларға тікелей сатуға болатын "Шай заңын" шығарады. Бұл контрабандисттердің наразылығын оятады. 

1773 жылдың 16 желтоқсанында Бостонның үштен бір бөлігі көтеріліске шығып, арзан ағылшын шайын тасымалдайтын кемеге жүкті жағаға жүктеуге кедергі келтіреді. Көтерілістен кейін кемеге басып кіріп, теңізге 342 қорап шайды лақтырып жібереді. Бұндай батыл әрекеттері Лондондағы билік өкілдерін таңғалдырмай қоймайды. 

Жаза ретінде британ билігі Массачусетс колониясына қатаң салықтар салып, оларды қыспаққа алады. Лондон Массачусетстің билік құрылымына араласа бастайды. Бұл 13 колонияның бірігуіне себеп болады. 1774 жылы метрополия күшті талаптар қойып, колониялардағы саудаға қарсы тыйым салған Алғашқы Континенттік конгресс өтеді. Бір жылдан соң 8 жылға созылып, нәтижесінде Америка Құрама штаттары қалыптасқан соғыс басталды. 

Апиын соғыстары да шайға таластан басталды:
19 ғасырдың алғашқы жартысында қытай экономикасы әлемде көш бастап тұрған еді: 1820 жылы Қытайдың ЖІӨ 228 миллион доллар болса, Ұлыбританияныкі небәрі 36 миллион доллар еді. Сол себепті Қытайдағы импортты тауарлар саусақпен санарлық еді — өздерінде көп нәрсе өндірілді, ал еуропалық тауар оларды қызықтыра қоймады. Ал Еуропа аймағында бәрі керісінше еді — қытай жібегі,, фарфор және шай үлкен сұранысқа ие еді. Бұны қытайлықтар тек таза күміске ғана сататын.

Британия кедей ел болмаса да, саудагерлерден шай сатып алуға күміс жеткіліксіз еді. Сол уақытта олар қулыққа барады. Британ Шығыс Үндістан компаниясы Үндістан жерінде апиын көкнәрін (мак) өсіріп, оны Қытайға экспорттай бастайды. 18 ғасырдың аяғында Британия қытайлықтарды есірткіге тәуелді етіп қояды — жыл сайын 308 тонна есірткі сатылды. Сол арқылы қолға түскен күміс шай сатып алуға жұмсалған. Әрине, бұл Қытай императорының көңілінен шыға қоймайды. 

Қытай билігі британдықтар ойластырған бұл "шексіз" айналымға қуана қоймады.Біріншіден, саудагерлер күмістен айырылды. Екіншіден, есірткі халықтың жағдайына әсер етті. 18 ғасырдың алғашқы жартысында Ұлы Цин өз декреттері арқылы апиын саудасына тыйым салуға тырысты. Бірақ, одан түк шықпады. 1833 жылы Қытайға жыл сайын 2,3 миллион килограмм есірткі кіргізілсе, 12 миллион қытай азаматы нашақор еді. Император Виктория патшайымнан ресми түрде "арсыз" саудасын тоқтатуды сұрап, кәсіпкерлермен келісуге тырысты. Әсері болмады.

Императордың батыс саудагерлеріне шабуыл жасап, тауарларын тартып алып, олардың кемесіне кедергі келтіруден басқа амалы қалмады. 

Алғашқы апиын соғысы 1839 жылы 4 қыркүйекте басталды. Ол 3 жылға созылып, Британияның жеңісімен аяқталды. 1842 жылы 29 тамызда Нанкин келісімшарты жасалды: Қытай батыс саудагерлеріне 5 портты ашып, өтемақы ретінде 21 миллион күміс доллар мен жаңа колония Гонконгты беді. Апиын саудасы туралы белгілі бір шешімге келе алмай, олар екінші соғысты бастауға мәжбүр болады. 

1860 жылы Екінші апиын соғысындағы жеңілістен кейін тек экономикалық және аймақты жоғалтып қана қоймай, Қытай апиын мен христиан дінін заңдастыруға мәжбүр болады. Бірақ бұл соғыстың алғаш бастау алған шай саудасына мүлде қатысы болмайды.  

Ататүріктің шай революциясы:
20 ғасырдың басы түріктер үшін айтарлықтай қиын кезең болды — 1918 жылы Осман империясы Алғашқы Дүниежүзілік соғыста жеңіліп қалады. Түріктер тәуелсіздік үшін 1919–1923 жылдар аралығында соғысумен болады.  Қанды шайқастардан кейін ғана Түркия мемлекет атанады. 

Оған алғашқы президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің қосқан үлесі зор екенін айта кеткен жөн. Ол халықтың басын біріктіріп, Алғашқы Дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен мемлекеттердің алдында күштілігін дәлелдейді. Кейін ол Түркияны модерназациялауды қолға алады. 

Ол қолға алған алғашқы өзгерістердің бірі шай реформасы еді. Түріктер ғасырлар бойына кофе ішкен. Алғашқы кофейня 1550 жылдары Осман империясында пайда болған. Алғашқы Дүниежүзілік соғыстан кейін кофе саудасы тоқтайды. Стамбул кофе өндіретін елдермен байланысты жоғалтып алады. Жетіспеушілік әсерінен ол қарапайым халық үшін қымбат сусындардың біріне айналады. 

Ататүрік шайға назар аударады: ол арзанырақ және оны Түркияда өсіруге болады. 1920-жылдары шай өндірісі қарқынды дами бастайды. Алғашқы шай зауыты 1947 жылы Ризада ашылады, 1965 жылы Түркия толықтай ішкі сұранысты қанағаттандыра біледі. Уақыт өте күшті қара шай түрік тұрмысының айналмас бөлшегіне айналады.

Түркияда шай тұтынудың ерекше тәсілі пайда болды. Оны ерекше құрылымға ие екі шайнек арқылы қайнатады. Оны Чайданлык деп атайды. Ал ішу үшін бардак (қызғалдақ тәрізді шыны) ыдысты пайдаланады. Қазір түріктер әлемде шай тұтыну бойынша бірінші орында тұр. Олар адам басына шаққанда — 3,16 кг шай тұтынады.

Шай туралы қандай қызықты деректерді білесіз?