Британдық YouGov маркетингтік компаниясы жүргізген зерттеу бойынша, Дания елі әйелдердің өмір сүруіне қолайлы мемлекет атанды. Тұжырым мемлекеттердің құқықтық жүйесін зерттеуден өткізгеннен кейін дайындалған.
Данияда еркектер мен әйелдердің құқығы барлық салада тең қорғалған болып шыққан: денсаулық сақтау, білім алу, экономика, саясат. Аталған мемлекеттің ЕуроОдақтағы отбасы құрылымына қатысты ең жұмсақ саясатты ұстанып отырғаны да ескерілген.
Ал рейтингтің келесі мүшесі – Швеция мемлекеті. Еуропадағы гендерлік саясатты сарабдал ұстанып отырған мемлекет ретінде танылды. Әйелдердің құқығын қорғауды барынша мемлекеттік саясатқа айналдырған Швеция елі қоғамдық өмірдегі әйелдерге қатысты жағдайлардың барлығын реттеуге тырысуда.
Үшінші орынға Канада мемлекеті орналасты. Бұл ел әйелдердің құқығын тек өз елінде ғана мәселе етіп көтеріп қоймай, халықаралық деңгейде де барынша көтеруге күш салуда.
Ал төртінші орынға жайғасқан Нидерланд елі әйелдерге барынша жақсы жұмыстарды табыстау арқылы әйелдер құқығын қорғап отыр. Сонымен қатар жас аналардың дәрігерлерге кеткен шығынын да медициналық сақтандыру жауып береді.
Бесінші орынға Австралия жайғасты. Кейінгі жылдарда Австралияда әйелдер қауымы саясатта, құқық қорғау мекемелерінде, ірі компаниялар мен ЖОО басты тұлғаларға айналған. Сонда да әйелдер еркектерге қарағанда жылына 66 күн артық жұмыс жасайтын көрінеді. Алайда жалақылары ерлер қауымымен бірдей.
Рейтингке сонымен қатар Жаңа Зеландия, Германия, Ұлыбритания мемлекеттері де кірген.