ДАИШ террорлық ұйымы өз идеяларын насихаттайтын журналдарының біріне ресейлік A321 лайнерін жарған жарылғыш заттың суретін жариялады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Фотодан жарылғыш зат салынған Schweppes газдалған сусынының металл құтысы мен детонатор және таймерге ұқсас тағы бір элементті көруге болады.
Суретке пікір білдіре отырып Ресей Қорғаныс министрлігі ҒЗИ-дің бұрынғы директоры Виктор Поплавский мұның ұшаққа қойылған жарылғыш зат болуы әбден мүмкін екенін айтты. Құтының кішкентай болғанына қарамастан, оған ұшақты жара алатындай жарылғыш зат сияды екен. Поплавскийдің айтуынша, оның ішіне әлемдегі ең қуатты элемент салынған.
"Онда 300 грамм ұнтақ тәріздес ең жоғарғы бризантты зат салынған. Бұл күшті жарылыс жасау үшін жеткілікті", – деді сарапшы.
Генерал-майордың айтуынша, мұндай механизмді жинау түк қиын емес, ал таймер жарылысты болдырмау мүмкін болмас үшін қойылған.
"Когалымавиа" компаниясының бұрынғы жолсерігі Олег Ермаков Schweppes банкасының A321 бортына қалай тап болғанын білмейді. Оның айтуынша, бұл сусын әуе тасымалы рейсінің мәзірінде болмаған.
"Олар сусынды көк қалталарға салады, – деді ол. – Онда апельсин, алма шырыны, сонымен қатар, кола, фанта, спрайт болады. Олар ұшуға дейін бір сағат бұрын тиеледі. Ал Schweppes мәзірде болған жоқ".