БҰҰ жанындағы Бүкіләлемдік туризм ұйымының мәліметінше, 2012 жылы туристер ең көп келген ел Франция Республикасы болыпты. Ал ең танымал қала ретінде Таиланд астанасы Бангкок аталды, деп хабарлайды ВВС "Ресей жаңалықтар қызметі".
Өткен 2012 жылы Францияны әлемнің әр бұрышынан 83 миллион адам тамашалауға келген. Ал ел халқының саны 66 миллионды құрайды. Туристердің көпшілігі Көкшіл Жағалау мен альпі тауларындағы шаңғы курорттарына ат басын бұрған. Ал ел астанасы Парижге олардың тек 18,6 пайызы ғана келген.
Әлем бойынша екінші орында 67 миллион туристпен АҚШ мемлекеті тұр. Үшінші және төртінші орындарды сәйкесінше Испания мен Қытай бөліскен. Бұл елдерде орташа есеппен 57,7 миллион адам демалған екен. Ал бестікті Италия мемлекеті қорытындылап тұр (46,4 миллион турист).
Ал енді туристер ең көп келген қалаларға тоқталсақ. 2012 жылы Бангкокке 15,98 миллион қонақ келсе, ал Таиландтың өзіне 22,4 миллион турист ат басын бұрған. Сарапшылар бұл тізімде Бангкоктың бірінші орынға шығуы 2012 жылы жарық көрген "Таиландта адасқан" фильмінің жарыққа шығуымен тікелей байланысты деп отыр. Екінші орында азғана көрсеткішпен қалып тұрған Лондон қаласы тұр (15,96 миллион). Бангкок пен Лондоннан соң үздік үштікке Париж қаласы енген. Эйфель мұнарасын көруге өткен жылы 13,92 миллион турист келген. Одан кейінгі орындарда Сингапур (11,75 миллион) мен Нью-Йорк (11,52 миллион) қалалары орналасқан.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: travel.ria.ru