Соңғы 2-3 жылда 25 маусым күні Теңізші немесе Теңіз саяхатшысы күнін атап өту дәстүрі қалыптасып келеді. Күнді белгілеу туралы шешім 2010 жылы қабылданды. Аталған жылы БҰҰ-ның құрамына кіретін Халықаралық теңіз ұйымының мүшелері Маниладағы конференцияға осы кәсіби мерекені жариялау туралы ұсыныстарын жолдайды.
Бұл ұсыныс хатта теңіз мамандары үшін арнайы күннің керек екендігі, олардың халықаралық саудаға, халықаралық экономикаға, азаматтық қоғамның дамуына қосатын үлестерінің зор екендіктері атап көрсетілген.
Бұл сөздер өмірін су әлемімен тығыз байланыстырған планетамыздағы 1,5 миллионнан астам маманға бағытталады. Бүгінгі мереке әсіресе сауда флотындағы теңізшілердің құрметіне атап өтіліп отыр. Себебі, олар осыған дейін әскери теңізшілермен салыстырғанда әлі бірде-бір рет мұндай құрметке ие болмаған.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, сауда флотының теңізшілері әлемдік сауданың 80%-ын атқарып отыр. Тарих беттерінде теңізшілердің ерліктері туралы небір оқиғалар жазылып қалған, олар туралы бірнеше романдар, повестер, кино және мультфильмдер жарық көрді. Тіпті, Америкада теңізшілерге арналған ескерткіш қойылды.
Теңізші күні де басқа да мерекелер секілді "теңіз қасқырларын" құттықтап қоя салу үшін ғана белгіленбеген. Бұл күні әлем жұртшылығы заманауи теңізшілер ұшырайтын кедергілер мен қауіптерге назар аударуы қажет. Осындай халықаралық мәселелердің бірі – қарақшылық. Қарақшылық кеме қатынасы етек ала бастағанда-ақ пайда болған және олар кез келген категориядағы кемелерді басып алуды мақсат тұтады. Ертеректе, қарақшылар басқыншылығының дәстүрлі аймақтары ретінде Оңтсүтік-Шығыс Азия, Африка жағалауы, Латын Америкасы болса, қазіргі уақытта бұл тізім өсіп бара жатыр.
Суреттер:gugl-plus.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева