1987 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы жыл сайын 26 маусымды өзінің есірткіні теріс пайдаланушылықтан еркін халықаралық қоғам құру мақсатында қызметін және ынтымақтастығын күшейту табандылығын білдіру үшін Халықаралық есірткі заттарын теріс пайдалану және олардың заңсыз айналымына, заңсыз түсік жасатуға қарсы күрес күні ретінде атап өтуді белгіледі (International Day Against Drug Abuse and Illicit Trafficking). Сондай-ақ, осы күні өткізілген Халықаралық конференция барысында ВИЧ ауруының таралуына жол ашатын ине арқылы есірткі қабылдауға қарсы күресу мақсатында бағдарлама даярланады. Жалпы есірткіні таратуға қарсы күрес шаралары 100 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ең алғаш рет 1909 жылы шанхайлық апиынға қарсы ұйымының мүшелері әлемдегі дамыған 13 мемлекетті жинап, есірткі тасымалдануына тосқауыл қою шараларын ойлап табуға тырысқан болатын. Содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, мәселенің шешімі нақты табылған емес.
БҰҰ нашақорлық және қылмыс басқармасының бағасына сәйкес, есірткі пайдаланушылардың саны 200 млн. адамға жеткен, ол бүкіл жер шарының 3,4% немесе 15 жас және одан жоғары халықтың 4,7% құрайды. Қазіргі таңда 160 млн-ға жуық адам каннабистік есірткі пайдаланушылар тобында, 42 млн. САР (олардың ішінен 8 млн, экстази) және 14 млн. артығы кокаин, 15 млн-нан азы апиынды пайдаланады (олардың ішінен 10 млн. героин). Және оны тұтынушылардың үлесі жылма-жыл артып келетіндігі көңілге қаяу салады.
Елімізде өткен жылы нашақорлыққа байланысты 9 мыңнан астам қылмыс тіркеліп, 20 тоннадан астам есірткі айналымнан алынған. Жалпы өткен жылы сондай-ақ есірткіні мөлшерден артық қолданған 211 адамның көз жұмғаны да анықталып отыр. Қазақстанда нашақорлық дертіне шалдыққан 52 мыңнан астам адамның 60 пайызы 30 жасқа дейінгі азаматтардан тұрады. Мемлекеттік емес ұйымдардың жүргізген сауалнамасы бойынша, елімізде әрбір оныншы адам өмірінде бір рет болса да есірткі пайдаланған көрінеді.
Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымға шығуына қарсы күрес күні бұқаралық қоғамға қазіргі уақытта есірткі мәселесіне баса аударуға себепші болып отыр. Нашақорлық – әлеуметке ортақ проблема, қоғамның дерті. Жер бетінде миллиондаған өмірлерді алып кетіп жатқан бұл ауру әлемдік трагедия, өз ауқымы жағынан дүниежүзілік соғыстармен тең. Бүкіләлемдік дертке арнайы мамандар ғана емес, планетамыздың әрбір тұрғыны қарсы күрес жүргізе білгенде ғана мәселенің шешімі табылмақшы. Сондықтан да, сіз болып, біз болып салауатты өмір салтын қалыптастырайық!
Суреттер:xn--80afdbafh6chav4l.xn--p1ai
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева