- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Бүгін – халықаралық...
Бүгін – халықаралық альпинизм күні
Осы бір атаулы күннің пайда болуы үшін швейцариялық дәрігер Мишель-Габриель Паккард пен тау жолбасшысы Жак Бальмаға қарыздармыз. Бұл екі батыр 1786 жылы 8 тамызды альпинизм тарихында ең алғаш болып Альпі тауындағы биіктігі теңіз деңгейінен 4810 метр биіктіктегі Монблан шыңын бағындырады. Олардың ерліктеріне дұрыс баға бере алу үшін тарих беттеріне үңіліп көрелік.
Саяхатшылар арасында Монблан шыңына деген қызығушылық ХVІІІ ғасырдың ортасында пайда болды. Жыл сайын аталған шың орналасқан шамони алқабына жүздеген адам жиналып, шыңға шығып көруге талпыныс жасайтын еді. Бірақ, бәрі де сәтсіздікпен аяқталатын. 1760 жылғы геолог, ботаник әрі альпинист Гораций Бенедикттің сәтсіздігінен кейін Монблан басына шыққан адамға арнайы бәйге жарияланады. Бұдан кейінгі де жиырма жыл уақытта көптеген трагедиялық жағдайлар орын алды. Тек 1786 жылы ғана әлем күткен жаңалық болды.
Осы жылы өз бетінше саяхат құрып жүрген дәрігер Мишель-Габриэль Паккард жергілікті аңшы, тау жолбасшысы жак Бальмамен жолығып қалады да, шыңға бірге шығуға ұсыныс жасап, оңай жолын білетіндігін айтады. Бұл тарихи оқиға тамыз айының жетінші жұлдызымен сәйкес келеді. Паккард пен Бальма монблан шыңын тамыз айының сегізінде сағат 18-ден 23 минут өткенде бағындырады. Айтпақшы, дәрігер айтқан "жеңіл" жол айтарлықтай оңай болып шықпайды. Жолға шыдамаған дәрігер қайтып кетуді бірнеше рет ойлайды. Алайда, бәйгеге қойылған қаржыны ойлаған Бальма серіктесін райынан қайтарады. Бір тәуліктен кейін межелі жерге бірінші болып Паккард көтеріледі. Көптен күткен туды тіккен де осы Паккард екен. Ол шыңның температурасын, ауа қысымын және айналасындағы шыңдар туралы деректерді күнделігіне түсіреді. Осыдан кейін Паккард өзінің сапары туралы арнайы кітап жазады. Екеуі де бәйгені алады. Сол күннен бері альпинистер 8 тамызда өздерінің төл мерекелерін атап өтетін болды.
Альпинизм саласына қатысы бар барлық оқырмандарымызды төл мерекелерімен құттықтаймыз!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: zvanka.com