Бүгін – бүкіләлемдік балық шаруашылығы күні

Бүгін – бүкіләлемдік балық шаруашылығы күні

1985 жылдан бері 27 маусым күні Бүкіләлемдік балық шаруашылығы күні атап өтіліп келеді. Бүкіләлемдік балық шаруашылығы күні 1984 жылы Римде болған балық шаруашылығын дамыту мен реттеу жөніндегі халықаралық конференцияның шешімімен бекітілген болатын.

Балық шаруашылығы – халық шаруашылығының балық аулау, тасымалдау, қорғау және өсірумен, өңдеумен, су өсімдіктерін жинаумен шұғылданатын саласы. Балық шаруашылығы бағалы тағамдар, балық ұны, майы, теңіз өсімдіктерінен йод, маннит, агар, т.б. емдік заттар, мал азығы мен техникалық өнімдер өндіреді. Соңғы кездері балық аулау шаруашылығына деген қызығушылық жоғары деңгейде өсіп келеді.

2011 жылы балық шаруашылығының жаңа ережесі бекітілді. Бұл ереже бойынша, ұсталған балықтар мен шаяндарды ұстауға байланысты салықтың көлемі анағұрлым ұлғайды. Ал таяуда қабылданған «су заңы» бойынша өзендер мен көлдер жеке қолға жалға беріледі. Сондықтан балық аулаушылар балық аулау жөнінде су иелерімен өзара жеке келісім жасайтын болды. 

Қазіргі кезде дүниежүзі бойынша ауланатын балық пен өндірілетін теңіз өнімдері жылына 100 млн. тоннаға жетіп отыр. Оның 9/10-ын теңіздер мен мұхиттардан, ал қалған бөлігі тұщы сулардан ауланады. Балық аулау теңіз жағалық елдерінің барлығында таралғанымен, дүниежүзінде ауланатын балықтың жартысынан астамы алты елдің — Жапония, Қытай, АҚШ, Чили, Перу және Ресейдің үлесіне тиеді. Балықтар материктік қайрандар мен жылы және суық мұхит ағыстары түйіскен аудандардан көбірек ауланады. 

Дүние жүзі бойынша ауланған бекіре балықтарының 90%-ы Қазақстан балық шаруашылығының үлесіне тиеді. Қазіргі кезде республикада экологияның нашарлауына байланысты су айдынын қорғау, оларды ұдайы мелиорациялау, кәсіптік балықтардың сапасын жақсарту, балық өсіру жұмыстары жүргізілуде. 

Осы күні әлемнің көптеген елдерінде балық шаруашылығына қатыс сайыстар мен семинарлар, дәрістер ұйымдастырылады. Жас балықшылар мен тәжірибесі мол кәсіпшілер бір ортаға жиналып тәжірибе алмасады. Соңғы кездері осындай ауқымды шаруалардың айналасынан әйел адамдар көптеп кездесіп жүр. Тағы бір айтарымыз, жыл өткен сайын балық аулаудың – рухани және физикалық күштерді нығайтудың бірден-бір құралы екендігін мойындайтын қарапайым адамдардың сол салаға қарай ығысуы жиі байқалады.

 

Суреттер:www.logoslovo.ru 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева