Жер бетіндегі ең улы және қауіпті өрмекшілер супермаркеттен сатып алынған бананандардың ішінен шықты. Лондон қаласының тұрғыны үйіне банандарды алып келіп, ашқанда арасынан ондаған бразилиялық улы өрмекшілерді көріп, есінен танып қала жаздағандығын айтып отыр.
Ол жергілікті баспасөзге: "Мен бұл нәрселерді алғаш көргенде топырақ па деп ойладым, жақынырақ барып қарағанда жылжып жатқандарын көрдім де, өрмекші екендігін бірден түсіне қойдым. Олар менің үстелімнің үстімен жүріп, жердегі кілемдерге жүгіре бастады" деп мәлімдеме жасаған.
Жиырма тоғыз жастағы Тейлор есімді келіншек жемістерді Санбери супермаркетінен сатып алған. Осы жағдайды естігенде дүкен басшылығы 10 фунт стерлинг көлемінде өтемақы ұсынады. Бірақ, әйел олардың өзіне және отбасына қандай қауіп төндіргендерін түсінбей отырғандығын айтып дабыл қағуда.
Бразилиялық кезбе өрмекшілер Орталық және Оңтсүтік Америкада өмір сүреді және олар банандардың арасына жасырыну арқылы өзге елдерге тарайды екен. Бұлардың улары тыныс жолдарында қиындықтар туғызып, сал ауруына, тыныс жолдарын бітеуге әкеліп соқтырады.
Санбери супермаркетінің баспасөз-хатшысы: "Біз Тейлор отбасынан кешірім сұраймыз. Асылында, біз импортталатын тауарларға бастан-аяқ, дайындалуынан, транспортталуына дейін қадағалау жасаймыз. Сондықтан, мұндай жағдайлар бізде сирек орын алады", - дейді.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: byaki.net