Ауа-райы болжамы қалай жасалады?

Күнделікті теледидар немесе интернет бетінен көретін ауа-райы туралы болжам қалай жасалады? Синоптиктер оны неге қарап болжайды? Аталған сұрақтарға аз-кем тоқталып өтсек. Осы тұста 1966 жылдың 25 маусымында, яғни бүгін тұңғыш рет "Космос-122" атты кеңестік метео-жерсерігі ұшырылғанын айта кетейік. Бұл метеорология саласындағы елеулі оқиға болды. Сол күннен бастап ауа-райы жөніндегі мәліметтер шындыққа едәуір жақындай түскен еді.

Енді синоптиктердің жұмысына үңіліп көрейік. Бұл мамандар қысқа уақыттағы ауа-райы туралы шынайы ақпарат алып немесе екі-үш күн бұрынғы табиғаттың «сыйын» алдын-ала болжау үшін метео-жерсеріктерінен алынған мәліметтерді өңдейді. Яғни қазіргі заманғы метеорология дамыған және кей дамушы мемлекеттерде толығымен жерсеріктің көмегімен жүзеге асырылады.  

Ауа-райын болжаудың қазіргі заманғы сұлбасы

Метео-жерсерік – бұл ауа-райын бақылап және болжайтын ғарышқа ұшырылған жасанды жер серігі. Оның борты Жер үстіндегі температураның, бұлттың түзілуін және тағы да басқа көптеген табиғи құбылыстардың өзгерісін бақылайтын аса сезімтал аспаптармен жабдықталған. Серіктен алынған мәліметтер компьютерге әртүрлі картиналар түрінде келіп түседі. Ал метеорологтар соған сай өз болжамдарын жасап, болуы мүмкін дауыл, жаңбыр, аптап ыстық, жел, қардың жаууы және т.б туралы мезгілді ақпарат таратады.

Кейбір әуесқойлар арнайы жазылған бағдарлама арқылы жерсеріктен белгілер (сигналдар) алып, өздігінше болжамдар да жасап жатады. Алайда алынған мәліметтерді оқып, ол туралы шынайы ақпарат алу үшін арнайы білім мен кәсіби құрал-жабдықтардың қажет екенін айта кетейік. Әуежайлардағы диспетчерлер де мәліметтерді шұғыл түрде өңдеп, рейстердің аттануына рұқсат беріп немесе оларды уақытша тоқтата тұрады. Бұл жерде олар ұшатын жерінен бөлек, әуе жолындағы және қонатын аймағындағы ауа-райын ескереді.  

Метео-жерсеріктен алынған мәліметтер негізінде болжанатын ауа-райының температурасы шын мәніндегісінен минус немесе плюс 5 градусқа ауытқитыны қалыпты саналады.

Жерсеріктен ауа-райын бақылып, оған болжам жасау – қазіргі таңдағы метеорологияның ең тиімді әрі шынайы әдісі болып табылады. Себебі орбитадан бұлттар мен ауа массасының қозғалысы, алып және кішкене циклондардың жақындауы алақандағыдай көрінеді.   

Одан бөлек, метеорологтар жергілікті ауа-райын болжау бекеттері мен метеозондтардың да көмегіне жүгініп жатады.

Метеозонд

Алайда олар көбіне қысқа уақыттағы ауа-райын болжау үшін қолданылады.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: businessinsider.com