- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Арктика жүз мың...
Арктика жүз мың жылда алғаш рет мұздан арылады
Кембридж университетінің профессоры Питер Уодхэмс Арктика соңғы жүз мың жылда алғаш рет мұздан арылатын мерзімге болжам айтты. Бұл туралы ғалым The Independent басылымына хабарлады.
Уодхэмс Арктика биыл немесе келесі жылы мұз жамылғысынан айырылады, деп пайымдайды. Ғалым өзінің қорытындыларын солтүстік жартышардағы мұз жамылғысының еру қарқынына және АҚШ-тың қар және мұз Ұлттық орталығының мәліметтеріне негіздейді.
Оған сәйкес 30 жыл бұрын Актиканың (қысқы) мұз жамылғысының ауданы 12,7 миллион шаршы шақырым болған. 2016 жылы бұл көрсеткіш 11,1 миллион шаршы шақырымға тең болды.
Ондағы 1,6 миллион шаршы шақырым Ұлыбритания сияқты алты елдің ауданымен шамаласады. Өткен жылғы рекордтық төменгі көрсеткіш 3,4 миллион шаршы шақырымды құрады және ғалымның пікірінше, жаздың соңында - күздің басында мұз жамылғысының ауданы небәрі миллион шаршы шақырым немесе нөл болуы мүмкін.
Егер мұз түгелдей ерімесе де, оның қалдығы солтүстік Канада ауданындағы көптеген аралдарға шоғырланады, ал Ресей жағындағы алабында мүлдем мұз қалмайды. Соңғы рет Арктикада мұз бұдан 100-120 мың жыл бұрын толық жойылған.
Арктика мұзының еруі жылдық орташа температураның Цельсий бойынша 0,6 градусқа жоғарылауына әкеп соғады, деп санайды Уодхэмс. Бұл уәжбен оның әріптесі Питер Глейк те келіседі. Алайда ол мұздың бұлайша еруі жақын арада бола қоймайды, деп пайымдайды. Рутгер университетінің (АҚШ) професоры Дженифер Фрэнсис те ғаламшардың солтүстігі мұздан 2030-2050 жылдарға қарай толық арылады деген пікірде.
Дереккөз: inform.kz
Е. Жұмабайұлы