"Апельсин шайқасына" қатысыңыз...

Сізге сену қиын болар, алайда ел аман, жұрт тыныш заманда Италияның Иврей қаласының тұрғындары жыл сайын ақпан айының дәл орта тұсында "бостандық үшін шайқас" өткізеді. Иә, дәл солай! Бостандық үшін! Тұрғындар асқан өжеттілікпен, ерекше құлшыныспен шайқасады. Жыл сайын өткізіліп тұратын бұл айқас әлемге «апельсиндер шайқасы» деген атаумен танымал. Өйткені қатысушылар өздерінің шағын ғана «соғыстарына» бір ғана қару қолданады, ол – апельсин.

Сіздерге бұдан бұрын қызанақ шайқасы туралы айтып берген болатынбыз. Сол жазбаны оқыған болсаңыз бүгінгі фестивальді түсіну оңайырақ болады.

Апельсиндер шайқасы – таңғажайып әрі тарихи мереке. Мереке тарихы орта ғасырлардан бастау алады. Оның шығу тарихы туралы бір-біріне ұқсамайтын аңыздар айтылады. Соның бірі – ерте заманда атақты лордтың кедей халықтың бетіне бұршақ шашқандығы себебінен, олар көтеріліске шығып, оған да бұршақ лақтырады, бұл оқиғадан кейін апельсинмен атысу дәстүрі пайда болған екен деген нұсқа. Екіншісінде, орта ғасырларда Маркус атты рақымсыз басшының бүкіл қыз атаулыға зорлық көрсеткендігі айтылады. Осылайша кезек Виолетта аруға келгенде, батыр әрі тәкәппар итальян қызы қарсылық көрсетеді екен. Ол Маркустың басын кесіп алып, халықтың алдына тастайды. Сол күні бостандық мерекесі пайда болып, бүгінге дейін жалғасып келеді. Қалай болғанда да, апельсин шайқасы – бұқара халықтың ең сүйікті мерекесіне айналған.

Қазіргі карнавалдарда Иврей тұрғындары тарихи қойылымдар ұйымдастырады. Бір адамдар байдың киімін кисе, екіншісі зұлым патшаның қызметшілері, қалғандары кедей шаруалардың бейнесіне енеді.

Мереке басталған күні бостандықты мадақтайтын және қатысушыларға тәтті тағамдарды үлестіріп жүретін ақ киімге оранған әдемі итальян қызын көруге болады. Бұл – жоғарыдағы оқиғадағы Виолетта бейнесі. Қыз – бостандық нышаны ретінде танылған. Оның артынан апельсиннен ойылған зұлым Маркустың басын ұстаған жастар, оркестр ереді. Барлығы да мәз-мейрам болып, би билейді, ән айтады. Әдетте бейсенбі күні басталатын карнавалддың осы алғашқы күнінде барлық тұрғындар шұжықпен, үрме бұршақпен тегін тамақтандырылады. Неге дейсіз бе? Үрмелі бұршақ – кедейлердің, ет – байлардың тағамы. Оларды бірге араластыру – теңдіктің белгісі.

Шайқасқа кез келген ниет білдіруші қатыса алады. Фестивальден қалыс қалатындар жас аналар мен кішкентай балалар. Олар бұл жерде жанкүйер болып тұрады. Жалпы, егер сіз бұл фестивальден тыс қалғыңыз келсе, міндеті түрде қызыл қалпақ киіп жүруіңіз керек. Қатысатындар мен қатыспайтындар арасына  тор тігіліп қойылады екен. Апельсиндер шайқасы үш күнге созылады. Мереке соңы қарсыластардың қол алысып, құшақтасуымен аяқталады. Соңғы күні қала ішінде мерекелік шеру ұйымдастырылады.

Жыл сайын мереке үшін бірнеше тонна апельсин дайындалады екен, алайда қанша көп жеміс дайындалса да, ол таусылып қалып, соңында сары доптар пайдаланылатын көрінеді.

Алып сабан бағананың тұрғызылып өртелуі – мерекенің аяқталғанын білдіреді. Одан шыққан от пен түтін қаншалықты биікке көтерілсе, алдағы жылы халық соншалықты бақытты, берекелі болады деген ырым да бар. Сондай-ақ, апельсин карнавалы – көктемнің келгенін білдіреді.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/vbuBk137mN0","width":"450","height":"350"});

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com