Бостандық ескерткіші... Бұл сөзді естігенде ақ, қара, сары адамдардан құралған әртүрлі ұлт өкілдері тұратын Америка туралы романтикалық фильмдер еске түседі. Осы мүсін жанына барып, бір рет суртеке түсу үшін ғана Нью-Йоркке баруды армандайтын адамдар бар. Ал бұл ескерткіш жөнінде не білуіміз керек? Бүгін, 28 қазан күні құрылғанына 129 жыл толуына орай, бірнеше мәлімет тізбектеп берейік.
Бұл – Америка мен Франция елінің біріккен жобасы. Яғни Франция мемлекеті Америка жұртына тарту етті десе де болады. Ескерткіш тұрғызу мүсінші әрі құрылысшы Фредерик Бартольдке тапсырылған. Әртүрлі көмек қорынан, арнайы ұйымдастырылған қайырымдылық концерттерден, іс-шаралардан жиналған қаржыға жасалды. Париждегі атақты Эйфель мұнарасын салған білікті инженер Александр Густав Эйфель Америкадағы алып ескерткіштің құрылысына да ат салысты.
Ескерткішті алғашында Америкада емес, Египеттегі Порт-Саид қаласында салуды және «Азия шуағы» деп атауды жоспарлаған. Қазір «Нью-Йорк пен АҚШ символы», «бейбітшілік және демократия символы», «Бостандық әйелі» секілді бейресми атаулары көп. Ал негізгі аты «Әлемге жарық шашқан бостандық».
Бостандық әйелі оң қолына факел (алау) көтеріп тұр. Ал сол қолында «JULY IV MDCCLXXVI» деген таңбасы бар тақтай ұстаған, жазу «4 шілде 1776 жылы» АҚШ тәуелсізідігі жөнінде келісімге қол қойылған күнді білдіреді. Басына киген тәжінде жер бетіне шуақ шашатын бағалы тастарды бейнелейтін 25 терезе орнатылған, ал төбесіндегі 7 сәуле (үшкір бейне) 7 теңіз бен 7 құрлықтың символы.
Мүсін толығымен 31 тонналық жезден құйылған. Ал өзінің жалпы салмағы 125 тоннаға тең. Биіктігі – (қолындағы алауды қоса есептегенде) 93 метрге дейін жетеді. Жылдамдығы 100 км/сағ жел болғанда ескерткіш 7 сантиметрге қозғалады, ал қолындағы факел 12 см теңселеді. Бастапқыда ескерткіш түсі жасыл болған, кейін қаланың ауа райына, экологиялық қолайсыздығына байланысты қазіргі түсіне енді.