- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Әлемнің ең лас...
Әлемнің ең лас өзендері
Экологтардың дабыл қаққанына аз болған жоқ. Орман оталып, өзен ластанып, мұхит кірлеп жатыр. Әсіресе, тіршілік көзі – суға келген зардап көп. Кейбір өзендердің уланып кеткендігі соншалық, тіпті, жақындауға да болмайды.
Индонезия
Цинтарум өзені – әлемдегі ең лас, уланған өзен. Жағасында 5 миллиондай адам тұрады. Жергілікті тұрғындар өзенге қоқыс пен бар лас заттарын лақтырып, өзенді не ішуге, не жуынуға жарамсыз көлшік етіп тастады. Өзенде 7 миллионға жуық қоқыс жатыр. Жыл сайын өзен суын ішкен 50 мың адам қайтыс болады.
Қытай
Хан өзеніне төгілетін өнеркәсіп қалдығы өте көп. Өзен қазір не жуынуға, не ішуге жарамайды. Қазір борсық балшыққа айналып, балдыр қаптаған. Иісі мұрын жарады.
Ал Хуанпу – Қытайдың сауда және өнеркәсіп орталығына айналған Шанхай қаласына келіп құятын өзен. Мегаполистің бүкіл қағы мен қоқысы осында төгіледі. 2013 жылы Шанхайда үлкен дау-дамай болды. Жергілікті жұртты дүрліктірген нәрсе – өзеннен өлген шошқалардың табылуы еді. Дау әлі таусылған жоқ.
Үндістан
Ел астанасы Нью-Дели қаласының бар қоқыс-жуындысы Ямуна өзені барып төгіледі. Бүкіл кәріз жүйесі осы өзенге барып тіреледі. Бірақ мұны ойлап жатқан ешкім жоқ. Өзеннен ауыз су алып күн көріп отырғандар көп.
АҚШ
Суаты таудан бастау алатын Миссисипи өзені – АҚШ елі үшін маңызды стратегиялық нысандардың бірі. Бұл ең таза, тұнық өзендердің бірі еді. Бірақ елдің химиялық кәсіпорындар тұнық өзенді лайлап қана қоймай, уға айналдырды. Қазір өзенге суға түсуге болмайды. Тыйым салынған.
Нигерия
Нигер өзенінің сағасы нағыз экологиялық апатқа айналды. Өзенге жыл сайын 200 мың баррель мұнай қалдығы төгіледі. Мұнайды төгуге ел үкіметі рұқсат берген.
Филиппин
Пасиг өзеніне көпір салып қажет емес. Жергілікті жұрт жағаға қоқыс үйінділерін басып жүріп-ақ өтіп алады.
Қ. Слямбек