Жапония тұрғыны Канэ Танака Гиннестің рекордтар кітабына әлемнің ең қарт тұрғыны ретінде енді.
Канэ Танака 1903 жылы 2 қаңтар күні көпбалалы отбасыда дүниеге келген. 19 жасында тұрмыс құрып, күйеуі Хидео Танакамен төрт туған және бір асыранды баласын өсірген.
Әлемнің ең қарт адамы күнде таңғы алтыда тұрып, кешкі сағат тоғызда ұйықтайды екен. Ол математика мен үстел ойындарына қызығады. Сондай-ақ тәттіге де құмар. Өмір бойы күйеуі екеуі ашқан күріштен дайындалған моти шелпектерін сататын дүкенде жұмыс істеген. 1970 жылдары зейнетке шыққан. Ол тек 103 жасында ота жасатқан екен.
Канэ Танака отандасы Тиё Мияконың қазасынан кейін әлемнің ең қарт адамы танылды. Өткен аптада Канэ Танакаға абыройлы атақты ресми тапсыру рәсімі өтті. Ол жалпы алғанда 116 жыл 66 күн өмір сүрген. Қазір Канэ Танака Жапонияның Фукуока префектурасындағы қарттар үйінде тұрады.
Time Magazine және New York Times басылымдары әлемнің ең кәрі адамы 256 жыл өмір сүргенін жазған. Ли Чинг-Юн есімді адам өзінің 1736 жылы туғанын айтқан. Алайда 1930 жылы Minkuo университетінің профессоры әрі деканы Ву Чанг-шин Лидің 1677 жылы туғанын дәлелдейтін жазбаға кезіккен. Ол жазбада Қытай үкіметінің Императоры Лиді 150 және 200 жылдық мерейтойымен құттықтаған екен.
Осы уақытқа дейін әлемдегі ең кәрі адам ретінде Жанна-Луиза Кальман танылып келген болатын. Ол 122 жыл, 64 күн ғұмыр кешкен. Жанна-Луиза Кальман Францияда өмір сүріп, 1997 жылы өмірден өтті. Жанна екі бірдей дүниежүзілік соғысты, адам баласы Айға ұшқан күнді, интернеттің ең алғаш пайда болып, дами бастаған кезін өз көзімен көре алды. Егер Minkuo университетінің профессоры әрі деканы Ву Чанг-шиннің жазбасы ресм түрде дәлелденсе, әлемдегі ең кәрі адам рекорды 134 жасқа ұзара түседі. Ли Чинг-Юн хикаясының жалған-өтірігі әлі күнге жұмбақ күйінде қалып отыр.