- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Әлемдегі ең тар...
Әлемдегі ең тар үш көше
Әлемде талай қызық бар. Айрықша ерекшеліктері де жетерлік. Бірі табиғаттың сыйы болса, енді біреулері адам қолымен жасалған. Бүгін қызықты ақпарат ретінде ең тар көшелер жайлы айта кетпекпіз.
Клаустрофобия деген түсінік бар. Бұл – патологиялық симптом. Яки, адам терезесі аз немесе тар бөлмеде, тар жерде қалудан қорқады. Ондай адамдар есікке жақын жүреді. Егер де белгілі бір жағдайларда жабық кеңістіктен шығуға болмаса (лифт, ұшақ, поезд вагоны) қорқыныш сезімі өрши түседі. Олар лифтті пайдаланғанның орнына баспалдақпен шығып түскенді жөн көреді. Адамдар тобынан алшақ жүруге тырысады.
Клаустрофобияның пайда болу себебі бала кездегі психикалық зақымға, бастан өткерген қауіпті жағдайларға немесе адамның әлсіз психикасына байланысты болуы мүмкін.
Клаустрофобиясы бар жандар тар көшеге жақындауға да қорқатыны рас. Дегенмен кей жандар әлемнің ең тар көшелерімен өтуге тырысып, қорқынышын жеңгісі келеді екен.
3. Кланчич көшесі
Бұл көшемен көлік, мотоцикл немесе велосипедпен өте алмайсыз. Себебі көшенің ені бар болғаны 43 сантиметр ғана.
Ерекше көше Хорватияның Врбник қаласында орналасқан.
2. Шпройерхофштрасе
Германияның оңтүстік-батысында орналасқан Ройтлинген қаласында да ең тар көше бар. Шпройерхофштрасе деп аталады. Көшенің кей жерінің ені - 50 см, кей тұстары тіпті 31 сантиметрді құрайды.
Көше ресми түрде 1727 жылы ірі өрт апатынан кейін жөндеу кезінде пайда болған деседі. Ал қалалық құжатта "нөмірі 77-ші көше " деп тіркелген.
1. Андроуно
Әлемдегі ең тар көше Францияның Гассен коммунасында орналасқан. Бұл аймақ елдің оңтүстік-шығысындағы танымал Сен-Тропе туристік ауданына жақын.
Андроуно көшесінің ең тар тұсы 29 сантиметрді құрайды.
Бұлар әлемдегі ең тар көшелердің бір парасы ғана. Тек бір адам ғана өте алатын көшелер Еуропа қалаларында көптеп кездеседі. Ең тар көшелердің ұзындығы көп бола бермейді.
Әлемдегі ең қысқа көше Шотландияда орналасқан. Уик деп аталатын көшенің ұзындығы – 2 метр 6 см. Ол көшенің бойында "Маккейз" қонақүйі орналасқан. Ғимарат 1883 жылы трапеция пішіндес болып салынған. 2006 жылы бұл көше Гиннесс рекордтар кітабына "әлемдегі ең қысқа көше" болып тіркелген.
Н. Үсенова