- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- «Әлемдегі ең көп...
«Әлемдегі ең көп адам қатысқан таңғы ас» Түркияның Ван қаласында ішілді
Түркияның Ван қаласында 51 мың 793 адам таңғы асты бірге ішіп, Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Бұл туралы Түркияның радио және теледидар мекемесінің ресми сайты хабарлап отыр.
Ван сауда және өнеркәсіп палатасының басшылығы, Ван қаласының әкімшілігі, көптеген мекеме мен азаматтық ұйымдар қолдау білдірген іс-шара Ататүрік Мәдениет саябағында өтті. «Әлемдегі ең көп адам қатысқан таңғы асты» ішуге келген 51 мың 793 адам бір дастарқанның үстінде бас қосты. Іс-шара барысында әртүрлі музыкалық топтар өнер көрсетіп, ұлттық би биленді.
Гиннесстің Түркиядағы өкілі және тіркеуші-төреші Шейда Субасы Гемиджидің мәлімдеуінше, 2001 жылдан бері бұл рекордты ешкім жаңартпаған. «Осы рекорд 18 мың 941 адаммен америкалықтардың қолында болатын. Ван қаласы 51 мың 793 адаммен жаңа рекорд жасады», - деді Гемиджи мырза.
Ван қаласы – Түркияның шығысында орналасқан тарихи қала. Көне атауы – Тушпа. Халық саны 2010 жылғы санақ бойынша 381 163 адамды құрайды.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: trt.net.tr
Н. Айдархан