Қазірдің өзінде ең биік ғимарат Дубайда орналасқан, ал 2020 жылы бұл қалада тағы бір алапат құрылым бой көтермек. Ол қазіргі алпауыттан 100 метрге биік болады.
Бүгінгі күнде ең биік ғимарат — 2010 жылы Дубайда ашылған 828 метрлік «Бурдж-Халифа». Құрылым ішінде қонақүй, ресторан, пәтерлер, мекемелер мен сауда үйлері шоғырланған. Әлемдегі ең биік көру алаңы оның 148-ші қабатында 555 метр биіктіте орналасқан.
Бірақ жақын болашақта «Бурдж-Халифа» көшбасшы қатарынан қалатын түрі бар, өйткені, осы қазан айында Дубай-Крик аумағында жаңа ғимарат құрылысы басталды. 928 метр болатын алпауыт бүкіләлемдік Экспо-2020 көрмесінің алдында ашылады деп жоспарланып отыр.
Құрылысқа жалпы саны $1 млрд қаражат жұмсалады. Жоба аясында белгілі испан архитекторы, мүсіншісі, көптеген футуристік құрылыстар авторы Сантьяго Калатрава жұмыс істейді.