- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Әлем елдері Тәуелсіздік...
Әлем елдері Тәуелсіздік күнін қалай тойлайды?
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 22 жыл толды. Тәуелсіздікке тәу етіп жүрген тек біз ғана емес. Әлемнің қаншама мемлекеті осы күнге жету үшін талай белесті артта қалдырды. Сондықтан бүгінгі ұрпақ өз елдерінің азаттыққа жеткен күнін аса құрмет тұтып, дәл сол күнді тойлауға келгенде еш тартынып қалмайды. Ендеше бүгін біз сіздерге өз елімізден бөлек басқа да әлем жұртшылығы мемлекеттерінің басты мерекесі саналатын Тәуелсіздік күнін қалай тойлайтынымен бөліспекпіз.
АҚШ Тәуелсіздік күнін қалай тойлайды?
АҚШ-тың Тәуелсіздік күні (4 шілде)– патриоттық қойылымдармен өтетін ұлттық мереке. Бұл мереке жаз мезгілінің еншісіне тигендіктен американдықтар елінің Тәуелсіздік күнін ашық аспан астында өткізеді. АҚШ Тәуелсіздік күні федералдық мереке болғандықтан дәл осы күні бүкіл федералды институттар мен органдар жұмыс жасамайды. Көптеген саясаткерлер өз рейтингін көтеру жолында халық көп жиналатын қоғамдық орындарға шығып, елінің заңын, саясатын тарихы мен халқын мақтай отырып жалынды ұрандар айтады.
Ал отбасы мүшелері дәл осы күні көкке шығады. Егер тәуелсіздік күні сенбіге түсіп екі не үш күндей демалыс берілетін болса олар достарымен немесе туыстарымен жиналып үш күндік саяхатқа шығады. Өздерінің көліктерін және үйлері мен көшелерін елдерінің туының түсіне сәйкестендіріп қызыл, ақ және көкшіл түстермен сәндейді. Алаңдар мен көшелердегі шерулер таңертең ұйымдастырылса, түн болғанда қаладағы ашық алаңдар мен саябақтарда от шашулар атып көңіл көтереді. От шашулар атылып жатқанда патриоттық әндер беріледі. Солардың ішінде «Американы сақта, Құдай», «Америка керемет», «Америка», «Бұл ел – сенің елің» секілді әндер ашық аспан астында қалықтайтын болады. Мерекелік от шашулар халықтың назарына әр штатта ұсынылады. Онымен қоса американдықтар үкіметтің ұйымдастырған от шашу шоуынан бөлек, өздері де өз қаражаттарына түрлі от шашулар сатып алып атып жатады. Әйткенмен қауіпсіздік үшін көптеген штат билігі халықтың өз еркімен от шашулар жаққанына қарсы болады.
Үндістан Тәуелсіздік күнін қалай тойлайды?
Үндістанның Тәуелсіздік күні (15 тамыз) – Үндістанның мемлекеттік мерекесі. Бұл күнгі басты шара Нью-Дели қаласында Үндістанның премьер-министрі мемлекеттің ұлттық туын көтеруімен басталады. Осы шарада әлемнің бүкіл түкпіріне тарайтын тікелей көрсетілім арқылы үкімет басшылар Үндістанның тәуелсіздікке жету жолындағы тарихы мен жетістігі жайлы сөйлейді. Алдағы даму жолы мен болашақ бағдарламалар да қызу талқыланып сұрақтарға жауап беріледі. Үндістанның әскері әл-ауқаты мен мәдениетін таныту мақсатында ұйымдастырылатын бояуы қанық шерулер мерекенің ең маңызды бөлігі болып саналады.
Украина Тәуелсіздік күнін қалай тойлайды?
Украинаның Тәуелсіздік күні (24 тамыз) – Украинаның мемлекеттің мерекесі. Бұл күнгі маңызды шаралардың көбі Украина астанасы Киев қаласында өтеді. Мереке президенттің тәуелсіздік жолында құрбан болған тұлғалардың ескерткішіне гүл қоюымен басталады. Одан соң Украинаның тыныштығы үшін жалбарынып оқылатын дұғаға қатысады. Жыл сайын Киевте осы мерекеге орай әскери шерулер ұйымдастырылады. Сонымен қатар концерттік шаралар мен басқа да жиындар да ұмыт болмайды. Орталық алаңдар мен саябақтарда үлкен көлемде қалалық жәрмеңкелер мен көрмелер ұйымдастырылады. Мерекелік шаралар түнде от шашулармен жалғаса береді.
Чили Тәуелсіздік күнін қалай тойлайды?
Чилидің Тәуелсіздік күні (18 қыркүйек) – Чилидің басты ұлттық мерекесі. 18 қыркүйектен басталып, бірнеше күнге созылатын мерекенің шымылдығын мемлекеттің басшысы түріп береді. Мерекенің көп бөлігі Чили астанасында өтеді. 19 қыркүйек күні жергілікті халық Чилидің Тәуелсіздік алуына бірден-бір себепкер саналатын мемлекеттің әскери күшінің туған күнін тойлайды. Осы күні Сантьягода дәстүрлі әскери шеру өтеді.
Австралия Тәуелсіздік күнін қалай тойлайды?
Австралияның Тәуелсіздік күні (26 қаңтар) – Австралияның мемлекеттік мерекесі. Дәл осы күні елдің әр қаласында түрлі мерекелік шаралар мен шерулер ұйымдастырылады. Шаралардың ең қызықты бөлігі – от шашулар шоуы. От шашулардың түр-түрі көбіне Перт қаласында қойылады. Австралияның Тәуелсіздік мерекесі күні Сиднейде музыкалық фестивальдер шымылдығын түреді. Канберр қаласында тірі музыка байқауы өтеді. Осы шараларда жұрт жылдың "австралиялық тұрғынын" анықтайды. Бұл күні мемлекет халқы австралияның туы бейнеленген киімдер мен бас киімдер киіп көңілденеді. Осы көңіл-күймен өз үйлерін шарлармен және елдің басты рәмізі саналатын тумен әсемдейді. Тәуелсіздік күні австралиялық қызметкерлерге шетелдегі әріптестері сыйлық жолдайды.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: wikimedia.org, interfax.by, panoramio.com
А. Әбілхан