Бүгін, 21 қараша – сәлемдесу күні. Ал біздер үшін сәлемдесудің ең басты ишарасы – қол алысу. Алайда, жер бетінде сәлемдесудің мұнан басқа бірнеше түрі бар екен. Бұл туралы осыған дейін де айтқанбыз, әрмен қарай жалғастыра түсейік.
Ресейде бірінші болып ер адам қол ұсынады, Англияда керісінше келеді. Жігіт қолынан қолғабын шешу керек, ал әйелдерге шешпеуге рұқсат етіледі.
Тәжікстанда отағасы келген қонақтың қолын екі қолымен қысады.
Сауд Арабиясында үй иесі келген қонақпен қол алысып болғаннан кейін, сол қолын оң иығына қояды да, екі бетінен кезек-кезек сүйеді.
Ирандықтар бір-бірінің қолын алып болғаннан кейін, оң қолдарын жүрек тұсына қояды.
Конгода көрісіп қалған адамдар қол беріседі де, түйіскен жерді үрлей бастайды.
Африкалық масай тайпасында амандаспас бұрын қолдарына түкіріп алады.
Кениялық акамбалар қол беріп әуреге түспестен, бір-біріне түкіре салады.
Жапондықтар мен корейліктер иіліп сәлем беруді құп көреді. Адамның лауазымы, жасы үлкен болған сайын оған төмен иілу керек.
Қытайлықтар қол берісіп амандасқанымен, жаңа таныстықта шапалақ ұрып жатады.
Орталық Шығыста қолдарын кеуде тұсқа жинап (оң қол сол қолдың үстіне қойылады), бастарын төмен түсіреді.
Солтүстік Африка елдерінде адамдар қолдарын бірінші маңдайға, екінші ерінге, үшінші кеудесіне қояды. Бұл – өзімді ойлаймын, сен туралы айтамын, сені сыйлаймын дегенді білдіреді екен.
Замбезияда отыра қалып, қол шапалақтайды.
Тайландта біріккен алақанды басқа немесе кеуде тұсына көтеріп амандасады да "вай" деген сөзді айтады.
Тибеттіктер оң қолымен қалпақтарын шешіп, сол қолын құлаққа қояды да, тілдерін шығарады.
Жаңа Зеландияның жергілікті тұрғындары да тілді шығарып, көздерін тасыраңдатады. Оның алдында алақандарын белге ұрып, аяқтарын тарсылдатады да, тізелерін бүгеді.
Эскимостар бір-бірінің бастарын және белдерін жұдырықпен ұрады (күшпен емес, әрине).
Аустралияның жергілікті тұрғындары билеп қарсы алады.
Карибтік Белизде қолды жұдырықтап кеудеге қояды, бұл – достыққа шақырудың белгісі.
Сіз сәлемдесудің басқа қандай түрін білесіз?
Мына жерден сәлемдесу ережелерін оқи аласыздар.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: ria.ru