- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Алдағандар мен алданғандар...
Алдағандар мен алданғандар
Адам – өте сенгіш жаратылыс, олар кез келген бос сөздің өзіне сенуге бейім келеді. Осыны пайдаланып қалғысы келетін мықтылар талай әлсізді жер соқтырды. Иә, әңгіме кеше ғана өткен күлкі күні туралы болып отыр. Сіз кімді және қалай алдадыңыз? Қызықты оқиғаларыңызды аңыз етіп айтып жүрген боларсыз. Ал төмендегі БАҚ-тың көмегімен ұйымдастырылған жаһандық ойындар аңызға айналуға әбден лайықты.
1. Швейцариядағы спагетти егістігі
ХХ ғасырдың ең ұтқыр әзілі ВВС арнасына тиесілі. Қызметкерлер 1957 жылдың 1 сәуірінде "Panorama" аталатын бағдарламада Швейцария жеріндегі спагетти егістігін көрсетеді. Деректі фильмде швейцарлық фермерлер талдардан макарондарды жұлып алып, себетке салып жатады. Осы жобадан кейін ВВС студиясына мыңдаған адам телефон шалады. Олар мұндай ағашты қайдан табуға, қалай өсіруге болатындығын сұрап, көшет сатып алғысы келетіндіктерін айтады. Кейбіреуі макаронның көлденең емес, тігінен өсетіндігіне таңғалып жатады. Редакцияға түскен сауалдардың ең көбі: "Өз жерімде спагетти ағашын қалай өсіруге болады?". Қызметкерлер оған: "Спагеттидің бір талын қызанақ тұздығы құйылған банкаға отырғызыңыз, сонда жақсы болады" деген жауап айтқан екен.
2. Түрлі-түсті теледидар және шұлық
1962 жылдың 1 сәуірінде Швециядағы жалғыз телевизиялық арнаның техникалық инженері Кьелл Стенсон көрермендерге түрлі-түсті сигналдарды қабылдауға болатын жаңа технологияның шыққанын хабарлайды. Олардан талап етілген бір ғана нәрсе болған – нейлонды шұлықты телеэкранға кигізу керек. Елең еткен көрермендер дереу шұлыққа жүгіре бастайды. Стенсон бәрінің көзінше шұлықты кигізіп көрсетеді, мыңдаған адам соны қайталаған екен.
3. Ыстық басты құрттар
"Discover" журналының 1985 жылғы сәуірдегі санында Антарктидадан бал ара құрттарының жаңа түрінің табылғандығы жазылады. Тілшілер олардың ғасырлық мұз бетімен асқан жылдамдықпен жүре алатындығын және ағзалардың температурасының өте жоғары, тіпті ұстағанда бастары ыстық болып тұратындығын да айтады. Құрттар пингвиндерді аулайды дегенді естігенде жағасын ұстамағандар болмады. Ең қызығы, 1837 жылы Антарктида зерттеушісі Филлип Пуассонның жоғалып кетуіне осы ыстық басты құрттардың қатысы бар деген тұжырым да айтылған. Осы мақалаға жазылған хаттар рекордтық көрсеткішке жетті.
4. "Солқолды бургер"
1998 жылы Burger King компаниясы USA Today басылымына 32 миллионға жуық солақай америкалықтарға арнап "Солқолды бургер" деген жаңа тағам ойлап тапқандарын жариялайды. Тағамның ерекшеліктері айтылып, солақайларға ыңғайлылығы ерекше мақталынады. Олар келесі күні Burger King мейрамханаларына мыңдаған адамның "солқолды бургер" және "оңқолды бургер" сұрап келгендігін жазып, келеке етеді.
5. Кім кімді алдады?
1976 жылдың наурыз айының соңында британ астрономы Патрик Мур BBC радиостанциясынан астрономия тарихында елеулі оқиға болатындығын хабарлайды. Яғни, сәуірдің бірінші жұлдызында таңғы 9:47-де Плутон планетасы Юпитердің үстімен өтіп, осының нәтижесінде тартылыс күш азайып, салмақсыздық байқалатын болады деп хабарланады. Мур тыңдармандарына дәл осы минутта ауаға секіретін болсаңыздар, жүзіп бара жатқан әсер аласыздар дейді. Айтылған уақыттан бірнеше минут өтісімен, радиостанцияға қоңыраулар түсе бастайды. Олар шынымен де басқаша әсерге бөленгендерін жеткізеді, тіпті, бір әйел бөлмесінде үстелдермен, орындықтармен бірге бірнеше минут бойы ұшып жүргендігін айтады.
6. Google Nose
Сіз бұл оқиғаның куәгері де болдыңыз. 2013 жылы Google компаниясы қолданушыларын Google Nose қызметін шығарғандарын айтып алдайды. Қызметкерлер енді сіздер өздеріңіз жұмыс істеп отырған құрылғының иісін сезе аласыздар дегенді айтты. YouTube компаниясының ресми арнасында бұл туралы жарнамалық видео да жарияланады. "Көмек керек пе?" деген батырманы басқандар "Бірінші сәуірмен!" деген жазуды оқып күлкіге қарқ болды.
7. Қазақтар да алдай алады
Биылғы күлкі күнінде Kinostan.kz сайты ойларынан "Мағауиннің "Шақан шері" шығармасының желісімен голливудтықтар кино түсірмек" деген өтірік ақпарат шығарып жариялайды. Бұл ақпаратты іле-шала бірнеше ақпарат агенттігі көшіріп басып, республикалық телеарна да эфирге шығарып жіберген.
Ал сіз биыл алдандыңыз ба? Жоқ па?! Мүмкін алдаған шығарсыз?
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: sostav.ru, macster.ru