- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- АҚШ теңіз армиясының...
АҚШ теңіз армиясының әскер қабылдауы
Ло Шуе (Қытай)
1998 жылы шілде айының шыжыған ыстық бір күнінде, мен Атлантадағы үйімде ешқайда шығуға зауқым соқпай, диванда ұйқылы-ояу жатқан едім. Кенет біреу есік қақты.
«Сәлеметсің бе, мен Америка теңіз армиясынан келдім, сіздің бірнеше минут уақытыңызды алсам бола ма екен?» деді еңгезердей негір ағайын күлімсірей. Үстіне киген теңіз армия жауынгерлер киімі мені бірден өзіне баурап әкетті. Еш екіленбестен-ақ оны үйге ертіп кірдім.
Ол өзін қысқаша таныстырып, АҚШ теңіз армиясы әскер қабылдау басқармасының адамы екендігін, 1999 жылы жаңадан қосынға қабылданатын теңіз армия жауынгерлерін қабылдап жүргенін айтты. Ол Америка теңіз армиясының артықшылығына шәк келтірмейтін тәрізді, құрлық армиясына қатысты жарытып ештеңе айта қойған жоқ. Ол бірден өз бұйымтайына көшіп, менен Америка теңіз армиясына баруға зауқымның соғатын-соқпайтынын сұрап үлгерді.
«Мен қытайлықпын, қазір Америкада көк паспортпен жүрмін, мұндайда әскер қатарына шақырылуға бола ма?» дедім ең алғашқы сұрауымды бастап. «Әрине болады, көк паспорты барлар да әскерге қатыса алады, оның үстіне қосынға кірген соң сіздің азаматтыққа өтуіңіз де тездейтін болады, тез болғанда бір жылға жетпей-ақ АҚШ азаматтығын алып боласыз!» негір ағайынның бұл сөздері мені алдаусырату екенін сезіп тұрмын.
«Былай болсын, сіз алдымен біздің үгіт-насихат материалдарымызды көріп шығыңыз, түсінбеген орындарыңыз болса, дереу түсіндіріп беруіме болады». Әскер қабылдаушы бұл офицер кішкентай кітапшаны қолыма ұстата қойды да, бар жұмысты бітіргендей бір шетке барып, отыра кетті.
Мен әлгі үнпарақтарды шола бастадым, ең әуелі көзіме шоқтай басылғаны кітап мұқабасындағы «Сапарыңыз осы арадан басталады» деген бір ауыз сөз болды. Өйткені, бұл сөз өте үлкен әрі айшықты жазылған еді. Бұл сөзді «Жер жүзін саяхаттауға аттанайық!» деп түсіндіруге де болар еді. Себебі, кітапшаның ішінде жер-жердің көркем көріністері, көгілдір теңіз, сырғыма құм, көкпеңбек арал... Адамға әскерге бару бейне саяхатқа барғандай немесе сейілдей жүріп, ақша табуға болатындай сезім береді.
Ол кезде мен жас болатынмын, өзімше қиялға беріліп те кететінмін. Әскерге барған соң шыт-жаңа өмір сапары басталып, өмірде жер мен көктей өзгеріс туылатыны даусыз. Алайда, мұны бәрі саяхаттағандай көңілді бола қоюы екіталай.
Кітапшада АҚШ теңіз армиясының жағдайы, міндет өтеушілердің игіліктенетін құқықтары мен өтеуге тиісті борышы сияқтылар қысқаша түсіндірілген екен. Мен анық-қанығын білейін деп әскер қабылдаушы офицерден төтесін сұрай бастадым: «Теңіз армия әскері болған соң, еңбекақыдан басқа қандай қаражаттар беріледі?»
«Бізде әртүрлі қосымша қаражат бар! Әуелі мол тұрғын үй қосымша қаражаты беріледі. Салт басты әскерлер қосынның жатақханасында жатады, егер үйленген болсаңыз, сізге үй бөліп беріледі, балаңыз қанша көп болған сайын үйдің көлемі де үлкен болады. Әдепсіздік болса да сұрай кетейін, сіз үйленген бе едіңіз?
«Үйленгенмін, бір балам бар».
«Өте жақсы, онда тамаша үйде отыратын боласыздар, егер әскери қосында сіздерге беруге дайын үй болмаса, үй табылғанға дейін сіздің қазіргі тұрағыңыздың маңындағы аудандардың тұрғын-үй орташа бағасы бойынша төлем ақысын беріп отырады».
«Сіздің айтпақшы болғаныңыз, мен қайда тұрсам сол араның тұрғын үй бағасы бойынша қаражат беріле ме? Өте жақсы болды ғой, мен қазір Америкадағы ақ тәнділер отыратын ауданда тұрамын, бұл жақтың үй бағасы өте жоғары».
«Одан алаңсыз болыңыз, әсте зиян тартпайсыз» (Шындығында мен әскерге барған соң жылына екі мың АҚШ доллары көлемінде тұрғын үй қосымша қаражатын алып отырдым, 1999 жылдары бұл аз ақша емес еді).
«Мұнан бөлек азық-түлік қосымша қаражаты, киім-кешек, ерекше міндет қосымша қаражаты сияқтылар да бар еді. Естуге қарағанда АҚШ парламенті әр жылы зат бағасы қосымша қаражатын арттырып отырады екен. Сондықтан, қалай айтсаңыз да тиімді шығар?». Ол маған көзін жыпылықтатып қарап отыр.
«Іммм, өте қолайлы екен...»
«Бізде кемелді емдеу, денсаулық сақтау ережелері бар, сіз қалаған уақытта осы жердегі әрқандай емханада денсаулық тексерте аласыз, тек қосынға мәлімдеп отырсаңыз болғаны, әскери қосын сізді емдеуге әскери дәрігерлерді немесе өзіңіз қалаған дәрігерді орналастырады. Егер қосын сізге ұсынған әскери емхана мен халықтық емхана қажетті емдеу үрдісінен шыға алмаса, бүкіл дүние жүзі бойынша өзіңіз қалаған емхананы таңдауыңызға болады. Отбасыңыздағылар да емдеу кепілдігінен игіліктене алады, емдеу түгелімен ақысыз немесе ақысы өте төмен болады».
Мен әскерге кеттім.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: nipic.com
M. Auelkhan