- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- АҚШ-та 3 жасар...
АҚШ-та 3 жасар балақай қала мэрі болып сайланды
АҚШ-та Джеймс Тафт (James Tufts) есімді 3 жасар балақай сайлаудың нәтижесі бойынша өзі тұратын Миннесота штатындағы 22 тұрғыны бар Дорсет деген қаланың мэрі болып сайланды. Бұл туралы The Daily Mirror басылымына сілтеме жасап, ras.kz хабарлады.
Басылымының жазуынша, ол АҚШ тарихындағы ең жас қала басшысы болып отыр. Тафт бұл орынға бұған дейін екі жыл мерзім мэр болған өзінің 6 жасар ағасын алмастыру арқылы келіпті.
Жас саясаткер сайлау өтетін күні өзінің сайлаушылары алдында сөз сөйлеп, жеңіске жеткен жағдайда оларды балмұздаққа тойдыратын болып уәде берген екен. Ал Джеймстің анасы оның сайлауда жеңіске жеткенін білген кезінде өте қатты толқығанын айтады. Ол сондай-ақ ұлының осы сайланбалы орынды алу үшін көп нәрсе жасағанын сөз етеді. Бірақ кішкентай Тафт кейін саясаттағы мансабын жалғастырмайтынын, негізінен балықшы болғысы келетінін жеткізіпті.
Жалпы, АҚШ-та мұндай «сайлаулар» жиі өтіп тұрады. Мәселен, 2014 жылғы қарашада Сан-Франциско секілді мегаполисте Фрида деген аты бар чихуахуа тұқымдас ит қаланың бір күндік мэрі болып сайланған. Сайлау қалада жан-жануарларды қорғауға алу жөнінде жүрген науқанның аясында ұйымдастырылыпты.
1997 жылы Аляскадағы Талкита қаласының мэрі лауазымын Стаббс номылы мысық жеңіп алған. Ол көпшіліктің басым даусымен шаһар басшысы атанған.