Қазақстандық «Қазпошта» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен Кореяға барған бір топ журналист ондағы пошта жүйесіне сынақ жүргізеді. Бұл журналистер қатарында massaget.kz тілшісі де бар.
Бұл сынақ ел астанасы Сеул қаласында өтіп жатқан халықаралық Philakorea-2014 көрмесі аясында өтеді. Пресс-турға барған журналистер көрмеде Қазақстанға әртүрлі хаттар жіберді. Ал хат 15 күннің ішінде белгілі мекен-жайға жетіп үлгеруі тиіс. Көрме ұйымдастырушыларының айтуынша, жастар хат жазуды үйреніп, бұл іске деген қызығушылығын арттыруы керек. Себебі, хат жазу дәстүрінде қолданылатын пошта маркалары елдің тарихын, салтын, мәдениеті мен әдет-ғұрпын насихаттайды. Ал Philakorea-2014 көрмесі осы бағытта жұмыс жасап жатқан бірден-бір жоба.
Живонг Куок, Пошта саясаты бөлімшесінің жетекшісі:
- Korea Post өз жұмысын барынша жауапкершілікпен жасайды. Себебі, әрбір хатта адамдардың тағдыры жатыр. Ең қасіретті нәрсе – жіберілген хаттың иесіне жетпей қалуы. Сол үшін Корея пошта жүйесін қазіргі заманауи технологиялармен жетілдіруге ұмтыламыз.
Марат Шынәлиев, «Қазпошта» АҚ маркетинг бойынша департаментінің директоры:
- Қазіргі кезде Корея Поштасының тәжірибесі, сөзсіз, алдыңғы орындарда. «Қазпошта» АҚ ұлттық пошта операторы болғандықтан компания әлемдік стандарттарға сай болуы керек. Өздеріңіз білетіндей, таяу уақытта қазақстандық пошта түбегейлі өзгеріп, сапасы жақсаратын болады. Оның ішінде жаңа инновациялық жобалар мен IT-технологияның енгізілуі маңызды. Қазіргі жүйе базасымен жаңа реинжиниринг жүргізілетін болады. Ал Корея Поштасының тәжірибесі біздің ой-жоспарларымызға пайдасын тигізеді деп сенеміз.
9 тамыз күні жіберілген хат көрсетілген мекен-жай бойынша 23 тамызға дейін келіп үлгеруі тиіс. Massaget.kz сынақ нәтижесін дәл осы күні хабарлайтын болады.
Massaget.kz