Malaysia Airlines қандай компания?

Әлемді дүрліктірген Малайзия әуекомпаниясының ұшағының жоғалып кетуі көптің жүрегіне үрей алып келді. Ұшақта болғандардың туған-туыстары мен жақындарының бекем болуларын тілейміз.

Айта кетелік, Malaysia Airlines компаниясының қытайлық China Southern Airlines-пен бірігіп ұйымдастырған Куала-Лумпур – Пекин рейсін іске асырушы Boeing 777-200 ұшағы Малайзия уақытымен 8 наурыз күні 02.40-та радар экрандарынан жоғалып кеткен болатын.

Boeing 777-200 ұшағы

Ұшақта 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған.

Ұшақ жоғалып кеткен аймақ

Осы орайда Массагет сайтының оқырмандарына сөз болып отырған Malaysia Airlines әуекомпаниясы туралы аз-кем ақпарат беруді шештік.

Malaysia Airlines Малайзия ұлттық әуекомпаниясы 1947 жылы құрылған. Oneworld әуе альянсына мүше.  Бұл альянс ірілігі жағынан Star Alliance және SkyTeam-нен кейінгі үшінші орында.

Компанияның ресми сайты: www.malaysiaairlines.com

Базалық аэропорттары Кота-Кинабалу, Куала-Лумпур, Кучинг, Пенанг қалаларында орналасқан.

Компания әлемнің барлық континентінде орналасқан 85 қалаға жолаушы тасымалдайды. Тарихы 1937 жылдан басталады. Ол кезде компанияның аты Malayan Airways болатын. 1957 жылы Малайзия тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 20 жыл өткен соң компания Malaysia Airlines деп аталатын болды. Компания қағаз жүзінде 1937 жылдан бері бар, – жолаушылар тасымалымен тек 1947 жылдан бастап айналыса бастады. Ал 1950 жылы Халықаралық әуе көлігі ассоциациясына мүшелікке алынды.

1966 жылы кәсіпорынның негізінде Сингапур-Малайзиялық Malaysia-Singapore Airlines әуекомпаниясы пайда болды. Жаңа компанияға екі ел бірдей иелік етті. Осылайша түскен пайда екі мемлекет арасында теңдей бөлінетін еді. Бұл форматта кәсіпорын 6 жыл ғана жұмыс істеді. 6 жылдан кейін компания екіге бөлініп, Malaysia Airlines және Singapore Airlines компаниялары құрылды.

Сингапур халықаралық рейстерге ден қойса, Малайзия ішкі тасымалдауға көбірек көңіл бөлді. Малайзиядағы ішкі экономикалық жағдайдың жақсы болуы компанияның одан әрі дамуына ықпал етті. 80 жылдары кәсіпорын жаңа ұшақтар сатып алып, жаңа бағыттарға ұша бастады. Көп ұзамай тым алыс қашықтыққа ұша алатын “Боинг 747” ұшақтары да сатып алынып, Оңтүстік Америка мен Солтүстік Америкаға да жол ашылды.

Бірақ бұл жағдай ұзаққа созылмады. 90 жылдары болған азиялық кризис кезінде Malaysia Airline алғаш рет қаржылық қыспаққа тап болды. Бұл қиын жағдайдан компания 2-3 жылдан кейін шыға алды. 2005 жылы кәсіпорын екінші рет қарызға батып, экономикалық ауыр халде болды. Дегенмен қажырлы жұмыстың арқасында бұл да артта қалды.

Қазіргі кезде компания коммерциялық тасымалдаудан бөлек ұшақтарды техникалық жөндеуден өткізумен де айналысады.

Ұшақты бояу жұмыстары

Оның 4 еншілес кәсіпорны бар. Солардың бірі Firefly Пинанг аэропортынан мемлекет ішіндегі басқа қалаларға адам тасымалдаумен айналысады. Ал MASwings Калимантан аралындағы аэропорттардың арасындағы рейстерге қызмет көрсетеді. Тағы бір, үшінші еншілес компания MASkargo тек жүк тасымалымен айналысса, MASCharter тек чартерлік тасымалға көңіл бөледі.

Көлік паркі

Malaysia Airlines-тың ангарларында бір түнде кем дегенде 95 ұшақ түнейді.

Ұшақ ангары

Олардың басым көпшілігі «Airbus» A330-300, A380-800 және «Boeing» 737-400, 737-800, 747-400, 777-200ER әуе көліктері.

Рейстер

Компания шамамен 85 қаланы бір-бірімен байланыстырады. Негізінен Оңтүстік-Шығыс Азия, Австралия және Еуропа елдеріне ден қойылады. Бұдан бөлек Оңтүстік және Солтүстік Америкаға да рейстер бар.

Азия: 

Малайзия: Кудат, Лавас, Бакалалан, Кота-Кинабалу, Мари, Алор Сетар, Лонг Серидан, Куала-Лумпур, Джохор-Бару, Лимбанг, Барио, Кертех, Лонг Ака, Бинтулу, Кота-Бару, Лонг Банга, Танджунг-Манис, Куала-Теренгану, Маруди, Лабуан, Пененг, Куантан, Мака, Лонг Лела, Сандакан, Лангкави, Тавау, Мул, Кучинг, Себу, Лахат-Дату. 
Сингапур: Сингапур. 
Бангладеш: Дакка. 
Қытай: Ченду, Шанхай, Гуйлинь, Пекин, Куньмин, Чанша, Сяньмен, Няньин, Гуанждоу. 
Таиланд: Пхукет, Самуи, Чианг-Май, Бангкок. 
Гонконг: Гонконг. 
Камбоджа: Сиен-Рип, Пномпень. 
Непал: Катманду. 
Оңтүстік Корея: Сеул. 
Үндістан: Дели, Ченнай, Кочи, Бангалор, Мумбай, Гайдарабад. 
Шри-Ланка: Коломбо. 
Вьетнам: Хошимин, Ханой. 
Мьянма: Янгон. 
Жапония: Саппоро, Фукуока, Нагойя, Осака, Токио. 
Индонезия: Банда-Ачех, Таракан, Денпасар, Баликпапан, Пеканбару, Медал Куала Наму, Джакарта, Понтианак, Бату-Бессар. 
Тайвань: Тайбэй. 
Бруней: Бандан-Сери-Бегаван. 
Филиппин: Манила. 
Мальдив аралдары: Мале. 
Маврикий аралдары. 

Австралия: Сидней, Аделаида, Мельбурн, Дарвин, Перт, Канберра, Брисбен. 
Жаңа Зеландия: Окленд. 

Батыс: 

Сауд Арабиясы: Эль-Риад, Джидда. 
Катар: Доха. 
БАӘ: Дубай.
Иордания: Амман. 
Түркия: Стамбұл. 

Еуропа: 

Франция: Париж.
Ұлыбритания: Манчестер, Лондон. 
Швеция: Стокгольм, Гетерборг. 
Германия: Франкфурт-на-Майне, Берлин. 
Нидерланды: Амстердам. 
Дания: Копенгаген. 
Испания: Мадрид. 
Бельгия: Брюссель.
Норвегия: Ставангер, Осло.
Австрия: Вена. 
Финляндия: Хельсинки.

Оңтүстік Америка: 

Мексика: Мехико. 
Аргентина: Буэнос-Айрес. 

Солтүстік Америка: 

АҚШ: Лос-Анджелес, Сиэтл, Майами, Чикаго, Нью-Йорк, Сан-Франциско, Даллас.

Оқыс оқиғалар

1977 жылдың 4 желтоқсанында әуекомпаниясына тиесілі Пенангтан Сингапурге бағыт алған Boeing 737-200 ұшағын терроршылар басып алған. Ұшақ қонуға талпынғанда қылмыскерлер екі ұшқышты атып өлтірген. Нәтижесінде әуе көлігі жерге құлап, борттағы барлық 100 адам қаза болды. 1983 жылдың 18 желтоқсанында Субанг-Сингапур рейсін іске асырушы Airbus A300B4 ұшағы қону аймағына 2 шақырым қалған кезде апатқа ұшырады. Адам шығыны болған жоқ. 1995 жылдың 15 қыркүйегінде Кота-Кинабалу — Тавау рейсін іске асырушы Fokker 50 әуе көлігі қону кезінде апатқа ұшырап, борттағы 54 адамның 34-і қаза болды. 2000 жылдың 15 наурызында Куала-Лумпур — Пекин рейсін іске асырушы Airbus A330-300 ұшағында  оксалилхлоридтің төгілуі орын алды. Нәтижесінде ұшақ компания балансынан шығарылды. 2014 жылдың 8 наурызында Куала-Лумпур – Пекин рейсін іске асырушы Boeing 777-200 ұшағы Малайзия уақытымен 02.40-та радар экрандарынан жоғалып кетті.

 

Дайындаған: Еркебұлан Сатқанбаев

Материалды дайындау кезінде wikipedia.org, myrt.ru, wiki-turizm.ru сайттарындағы жазбалар қолданылды

суреттер: www.france24.com, bigdogdotcom.wordpress.com, fotografersha.livejournal.com, planespotters.net, www.kinibiz.com