- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- 80 жылдан кейін...
80 жылдан кейін Альпі тауларында қар қалмайды
Жүзжылдықтың соңына қарай ғаламдық жылу әсерінен Альпі таулары ақ қарынан айырылуы мүмкін. Шың басындағы мұздықтар еріп, етегіндегі сай-салалар суға толады, - дейді швейцариялық эколог-ғалымдар.
Ғаламдық жылынуға байланысты мамандардың арнайы зерттеу нәтижесі Cryosphere басылымында жарияланды. Адамдар мұның алдын алу үшін еш амал таппайтын да көрінеді. Швейцариялық мамандардың зерттеуі бойынша 2100 жылға қарай Альпі тауларындағы қазіргі ақ қар мен көк мұздың небәрі 5 %-ы ғана қалады екен.
Эколог-ғалымдар зерттеу жұмыстарын үш бағыт бойынша жүргізген. Біріншісі - қар құрсауының қазіргі күйі, екіншісі - қорғау шараларының қолға алынбауы және үшіншісі - ғаламдық жылынуға қарсы күрес тұрғысы.
Зерттеушілер қандай шара қолға алынса да, Альпідегі қардың еруін тоқтату қиын екенін алға тартуда. Оған себеп - парниктік газдардың көптеп бөлінуі. Сондықтан да олар "80 жылдан кейін Альпі таулары ақ қарсыз қалатынына дайындала берген дұрыс-ақ" дейді.
Н. Үсенова