Бүгін – ғылым мен бейбітшіліктің халықаралық апталығы басталады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жанындағы Саяси комитеттің 1988 жылғы қарашаның сегізіндегі 43-ші сессиясының бастамасы бойынша жыл сайын атап өтіледі. Апталық барысында Ұйым құрамындағы елдерде бейбітшілік тақырыбындағы түрлі конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады, әлем ғалымдары тәжірибе алмасады.
Бүгін – жас ақын, тілші Ерлан Жүністің туған күні. Ақын 1984 жылдың 7 қарашасында Алматы облысы, Жамбыл ауданында өмірге келген. М. Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің «Әлем тілдері» факультетін тәмамдаған. 2001 жылы «Жыр-перзент» атты тұңғыш жыр жинағы, 2011 жылы «Киелі түндердің дұғасы» атты кітабы жарық көрген. 2006 жылғы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Әдебиет» аталымы бойынша Бас жүлдені және Президент Кубогін иеленген.
Ерлан Жүністің таяуда "Хауас" атты жаңа жыр жинағы жарық көретін болады. Ақынның шығармашылығымен мына жерде таныса аласыздар.
Бүгін – әнші, "МузАРТ" тобының беделді мүшесі Мейрамбек Бесбаевтың туған күні. Қоңыр дауыстың иесі бүгін ғұмырындағы 37-ші күзін қарсы алып отыр.
Осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын өзінше мұңға, қасіретке толы «Бозторғай» әнін адам жанын түршіктіре, алпыс екі тамырды идіре шырқап, қазақы тыңдарман жүрегіне жеткізе білген қара домалақ баланың бейнесі халық үшін әлі күнге дейін ыстық, әлі күнге дейін қымбат.
Мейрамбектің де өнер патшалығын бағындырудағы баспалдағы ауылдағы Несіпқұл атты алғашқы ұстазының жас шәкіртінің бойынан талант ұшқынын байқап, Алтынбек Қоразбаевтың қолына әкеліп тапсыруынан басталады. Арда азаматтарымыздың бірі А. Қоразбаев Тоқтар мен Мейрамбектей дарынды ұлдарының қолына қазақтың киелі қара домбырасын ұстатып, әнге шөлдеген талайдың сусынын қандыра білді десек, артық айтқандық емес.
Осы арада 15 жасар «Бозторғайды» режисер Қ.Қасымбеков «Қоштасқым келмейді» фильміне шақырады да, таланттың басқа қырынан көрінуіне мүмкіндік туады. Мейрамбектің орындауындағы «Алғашқы махаббат» атты сырлы сезімге толы ән талай ғашықтың жүрегіне шипа бола білді.
1993 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның «Халық әндері» кафедрасына оқуға түсіп, бір жылдан кейін Т.Жүргенов атындағы театр академиясының «Актер, драма, кино» факультетіне ауысады.
Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң, жылдармен жинақталған азды-көпті тәжірибесінен кейін Мейрамбектің ән әлемінде бағын сынап көруге жасаған талпынысының нәтижесінде өмірге «МузАРТ» жобасы келеді. Өзінің құрылған сәтінен бері МузАРТ тобы асқан танымалдылыққа ие болып, жыл өткен сайын биік белестерді бағындырып, бұқара халықты әсем әндерімен әлдилеуден шаршаған емес.
Әншінің өнердегі әріптесі Сәкен Майғазиев кеше өзінің туиттердегі парақшасына мына суретті жүктеп: "Құттықтауларыңызға рақмет, достар! Мейрамбектің туған күні біздің үйден басталып кетті" деп жазған болатын, ендеше біз де массагеттіктер атынан туған күн иесін шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыстар мен жанұя бақытын тілейміз!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: twitter.com,qazaquni.kz