- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- 500 жылға жоспарланған...
500 жылға жоспарланған ғылыми тәжірибенің алғашқы қорытындысы шықты
Шотландиялық зерттеушілер 500 жылға жоспарланған ғылыми тәжірибенің алғашқы қорытындысын шығарды, - деп жазады PLOS ONE басылымы.
Ерекше жоба 2014 жылы басталған. 2514 жылы аяқталуы тиіс. Мақсаты - бактерияның оқшау қалыпта қанша уақыт өмір сүре алатынын анықтау, қандай да бір өзгеріске ұшырағанынан нәтиже шығару.
Зерттеушілер микроағза оқшауланған жағдайда қаншалықты өмір сүру қабілеттілігін төмендететінін анықтағысы келген. Қандай түрлері ұзаққа шыдайтынын, қандай түрлері тез жойылатынын да назарға алмақ. Шотландиялық зерттеушілерге америкалық және неміс ғалымдары да көмек қолын созған.
Тәжірибе үшін шөп таяқшасын (Bacillus subtilis) таңдаған. Бұл бактериялар кез келген қауіпті жағдайларға төзімді болып келеді екен.
Таңдалған бактерияны ауа кірмейтін әйнек құтыда сақтап келеді. Бастапқы 24 жылда бактерияны 2 жылда бір рет ашып бақылап көреді. Кейіннен 25 жылда бір рет қана ашып зерттемек. Бактерия салынған бір қорап құты Эдинбург университетінде, екіншісі Лондон жаратылыстану мұражайында сақталып келеді.
Жуырда зерттеушілер тәжірибенің алғашқы нәтижелерін жариялады. Бактерия өмір сүру бейімдігін еш жоғалтпаған. Әйткенмен зерттеушілер бұған қамығып отырған жоқ. Олар ұзаққа созылатын тәжірибе енді ғана басталғанын алға тартты.
Н. Үсенова