- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Славян әйелдері күзді...
Славян әйелдері күзді өзен жағасында қарсы алады
Көптен күткен күз де келді. Жыл сайын жомарт күз өзімен бірге тек әдемі сары жапырақтар ғана емес, молшылық пен байлық ала келеді. Жұртшылық жазда үш ай бойы тер төгіп, бағып-күткен бақшасының егінін жиып, қуанышты сәтті қауым болып тойлайды. “Әр елдің салты басқа...” дегенмен, бұл “Егін мерекесін” әлемнің түкпір-түкпіріндегі түрлі ұлт өкілдері бір адамдай атап өтіп, барша сыйы үшін Табиғат-Анаға алғысын жаудырады.
Бүгін 21 қыркүйек күні дәл осы мерекені славян жұртшылығы тойлайды екен. Барша әлем жұртшылығы секілді, славяндар үшін де “Егін фестивалі” – піскен егінді жинаумен қоса, отбасы әл-ауқатының артуын тойлауға арналған мереке. Барлық ауыл тұрғындары бір отбасы мүшесіндей біріге отырып егінді жиып, оны қоймаларға тасып, дәнді-дақыл, жеміс-жидектерді тазалап, ызғарлы қысқа дайындайды. Осымен түздің жұмысы аяқталады. Көгеріп көктем жеткенше нәр болатын негізгі қор жиналады. Егін мерекесін славяндар Құдай-Анаға (Жер-Ана) алғыс білдіру арқылы атап өтеді. Олардың сенімі бойынша Құдай-Ана ауыл шаруашылығын, отбасын, әсіресе аналарды қорғайды және амандық-саулық береді.
“Осенина” деп аталатын бұл мейрам аты айтып тұрғандай славяндар тіліндегі “Осень” сөзінен туындағын. Асыға күткен айтулы оқиғаны шығыс славяндары өз таным-түсініктеріне сай ерекше салттармен тойлайды.
Мысалы, бұл күні барлық үйлерде “от жағу” салты орындалады. Сол оттың қызуына жылынып, жанып жатқан ағаштың сықырлаған дыбысын ести отырып, аяқ басқалы тұрған суық мезгілге іштей дайындалады. Ал, сол күні ауылдағы әйелдер қауымы таң сәріден тұрып, “Осенинаны” өзен жағасында қарсы алады. “Әйелдердің құрмет көрсетуі” аталатын дәстүр бойынша жағада жиылғандардың ішіндегі жасы үлкені сұлыдан пісірілген нанды айналасында ән салып тұрған жас әйелдердің санына қарай бөліп, онымен үй жануарларын қоректендіретін болған.
Енді бір қызықты салт “жас жұбайларға қонаққа бару” деп аталады. Егін мерекесі күні жас жұбайлардың барлық тума-туыс, дос-жарандары жиналып, олардың тұрмысын көріп, кеңес беру мақсатында қонаққа барады. Алдымен, әйел адам үй ішіндегі жағдайын көрсетсе, кейін ер адам ауласы мен қора-қопсысына кіргізіп, өзінің отбасылық өмірі орынды жүргізіліп жатқанын паш етеді. Кейін, барша қонаққа өз ауласында дастархан жайып, сыра ұсыну арқылы құрметін білдіреді. Егін мол болып, шексіз байлыққа кенелген жағдайда бұл мереке тіпті апталап тойланады екен.
Жалпы, славян халқы “Осенина” мерекесін үш рет тойлайды, “ Бірінші Осенина” қыркүйек айының 14 жұлдызында болса, күзді екінші рет қарсы алу, атап өткендей 21 күні, ал соңғысы осы айдың 27 жұлдызында болады.
Кеш бата барша қауым бір дастархан басына жиылып, тәтті дәмнен ауыз тиіп, таң атқанша ән салып, би билеу арқылы қарым-қатынасты нығайтады.
А. Оралқызы