4 қазан – Халықаралық жануарлар күні. Халықаралық жануарлар күнін (World Animal Day) атап өту туралы шешім 1931 жылы Италияның Флоренция қаласында өткен Табиғатты қорғаушылар қозғалысын жақтаушылардың халықаралық конгресінде қабылданды. Қазанның төртінші күнінің таңдалуы да бекер емес. Себебі, бүгін бірнеше ғасырдан бері жануарлардың қорғаушысы саналып келе жатқан Франциск Ассизскийді еске алу күні екен. Көптеген елдердегі жануарларды қорғау ұйымдары бірауыздан осы мерекенді өткізуге дайын екендіктерін бірден мәлімдеген. Күннің мақсаты – жұрттың назарын жануарларға аударту, оларды қорғауға шақыру. Себебі, бүгінде көптеген үй жануарлары отбасының бір мүшесіне айналып отыр, көпшілік жануарлардың өзіндік құқықтары да бар.
4 қазанда Дүниежүзілік ғарыш апталығы басталады (10 қазанға дейін) Себебі, бүгін – адамзат үшін ғарышты игеру дәуірінің басталған күні.
1957 жылғы қазанның 4-інде Байқоңыр ғарыш айлағынан ғаламшар тарихында алғаш рет жердің жасанды серігі «Спутник І» ұшырылды. 1967 жылдың қыркүйек айында Халықаралық Астронавтика федерациясы бұл күнді мереке деп ресми түрде жариялады.
4 қазан – Бүкіләлемдік күлімсіреу күні (World Smile Day. Бұл күн жыл сайын қазан айының алғашқы жұмасында атап өтіледі. Осындай күн үшін суретші Харви Бэллге алғыс айтуымыз керек. Ол жиырмасыншы ғасырдың ортасында Америкада тұрған. Оның өмірі де, шығармашылығы да ешкімнен өзгешеленбейтін, ешбір адам қызығушылық танытпайтын. Күндердің күнінде американдық сақтандыру компанияларының бірі («State Mutual Life Assurance Company of America») өздеріне нышан бола алатын жарқын, есте тез қалатын таңбаны салып беруін сұрайды. Ол көп ойланбастан, күлімсіреген сары тоқашты ұсынады. Тапсырысты орындау үшін Харви Боллға 15 минут уақыт қана керек болыпты. Осы жұмысы үшін 45 доллар төлемақы алады. Жаңа таңба көзді ашып-жұмғанша бүкіл әлемге тарап, үлкен ықыласқа ие болады.
Жоғарыдағы оқиға 1963 жылы орын алған. Ал күлімсіреу күні 1999 жылдан бері тойланып келеді. Суретші кезекті сұхбаттарының бірінде: "Адамзат тарихында, өнер тарихында дәл осылай кеңге тарап, ел-жұртқа бақыт, қуаныш, рақат алып келген бірде-бір жұмыс болмаған. Және жай ғана отырып жасай салған жұмысты бәрінің түсініп кетуі өте сирек құбылыс. Мейірімге толы жақсы істер жаса. Бір жанның күлімсіруіне себепкер бол" деген екен. Ендеше, әрдайым, күлімсіреп те, күлімсірете де жүрейік! Күніңіз сәтті өтсін!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: katyaburg.ru