Аустралияның оңтүстік-шығысы Оңтүстік полюстен келген антарктикалық циклон әсерінен қар астында қалды. Бұл аймақ 35 жыл ішінде алғаш рет ақ мамыққа оранды.
Демалыс күндері елдегі Жаңа Оңтүстік Уэльс пен Виктория штаттарында күн суып, соңы боранға ұласты. Желдің ұйытқи соғу жылдамдығы сағатына 120 шақырымға дейін жеткен. Ауа райының қолайсыздығы мен кей келеңсіз оқиғаларға байланысты тұрғындардан 1160 қоңырау келіп түскен.
- Көптеген қалалар қолайсыз ауа райын күтпесе керек. Көшелерді қардан тазалау мен көліктердің жүруіне жағдай жасауға дайын болмай шықты. Осының әсерінен біраз жолдар жабылды. Бақытымызға орай, жаңа жұмыс аптасынан бастап қар ери бастады, - дейді елдегі Ұлттық бюроның бас гидрометеорологы Дин Стюард.
Аустралиядағы бұл аймаққа 35 жылдан бері қар жаумаған. Ел билігі тұрғындарға алыс жолға шықпау мен көлік айдамау жайлы ескертулер жасауда. Табиғаттың тосынсыйын жасыл құрлықты мекендейтін жан-жануарлар да күтпесе керек. Әсіресе кенгурулердің әрекеті тұрғындар назарын ерекше аударуда.